Оразада білуіміз керек нәрсе

Рамазанда барша мұсылманға ораза ұстау парыз етілген. Бұл жөнінде Құранның «Бақара» сүресінде айтылған: «Бұрынғы қауымдарға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» (183-аят). Осы парыз оразаның рамазан айында ұсталуы керектігі де Құранда айтылады. Яғни, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әр мұсылман рамазан айында таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстауды ниет етіп, ішіп-жеуден және жұбайлар арасындағы төсек қатынасынан тыйылады.


Рамазан айы қасиетті айлардың бірі. Сондықтан да бұл айға құрметпен қарауымыз керек. Ораза айы кіргеннен бастап, тілімізді жаман сөзден, амалымызды жаман әрекеттен, ойымызды жаман ниеттен сақтауымыз қажет. Даулы жерде «Мен ораза едім» деп хадиске сүйене амал ету үлкен сауап болады.
Қасиетті Қадір түнін құлшылықпен өткізу, соған сай алдын ала үлкен дайындақ жасау да маңызды. Ол үшін түнгі намазға тұру, ол қиын болса құптан намазынан кейін тарауих намазына тұру құпталады. Жалпы тарауих намазы тек осы рамазан айында ғана оқылатындықтан бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Толассыз сауабы бар осындай құлшылық адамзатқа берілген сый!
Рамазан айында тағы бір істелетін амал ол пітір садақасын беру. Бұл ретте әркім өзі таңдайды, яғни кімге пітірін бергісі келеді, соған берсе Алланың разылығына бөленеді. Егер кімге пітір садақа берерін білмесе онда мешітте жиналатын қорға, Зекет қорына аударуға болады. Оның мөлшері ҚМДБ бекітеді, мешіттердегі қорлардың реквизиттері шығады.
Енді ескеруіміз қажет тағы бір мәселелер бар: оразаның бұзылуы әртүрлі жағдайда болады. Қасақана бұзылса оразаны жалғастыра берген дұрыс, ал әдейі ауыз ашатын болса оның каафаратын өтеу керек. Ол алпыс күн және ол күнәлі іс. Дерті бар кісілерге Алла кешіріммен қараған. Дертінен айыққан соң рамазанның қазасын өтеуіне болады.
“Ораза ұстаған адам үшін екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан кез, екіншісі – Аллаға қауышқан кез” дейді пайғамбарымыз [Оған Алланың сәлемі мен разылығы болсын]. Алла Тағала осы бақытқа кенелуді нәсіп етсін!

Сәресіге тұрып, тамақ жеу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Сәресінде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында береке бар” деген. Сәресі ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыт-тардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып, дұға етіп, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек.
Сәресіде оқылатын дұға: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә». Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ауызашар уақытында мына дұғаны оқу сүннет:
“Аллаһуммә ләкә сүмтү уә бикә әмәнту уә аләйкә тәуәккәлтү уә ала ризқикә әфтартү уә саумәл-ғади мин шәһри рамазанә нәуәйту фағфирли мә қаддамту уә мә аххәрту”.
Мағынасы: “Уа, Алла! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым. Өзіңе сеніп, тәуекел еттім, берген рызығыңмен оразамды аштым. Рамазан айының ертеңгі оразасына да ниет еттім. Енді менің өткен және келешектегі күнәларымды кеше гөр!”

Алла Тағалам оразаларыңызды қабыл етсін!

Нуров Махмудқажы Нурұлы
Қарағанды қаласы “Бала қажы” мешітінің бас имамы