Ораза уақытында және мерекелер қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу

Ораза айында және мереке күндері тамақтану режимінің өзгеруі тағамнан улану қаупін арттырады. Ұзақ уақыт аш жүргеннен кейін шамадан тыс әрі бақылаусыз тамақтану, тағамдарды көп мөлшерде алдын ала дайындау және сақтау талаптарының сақталмауы жедел ішек инфекциялары мен тағамдық токсикоинфекциялардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде тағам қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Ораза уақытында организм ұзақ уақыт сусызданады. Ауыз ашу кезінде асқазан ішек жолына бір мезетте көп мөлшерде тағам түсуі ас қорыту жүйесіне күш түсіреді. Егер тағам сапасыз немесе микробтармен ластанған болса, улану тез әрі ауыр түрде дамуы мүмкін. Әсіресе ет өнімдері, салаттар, майонез қосылған тағамдар, сүт және кремді кондитерлік өнімдер қауіпті.

Мереке қарсаңында тағамдар көбіне алдын ала дайындалып, бөлме температурасында ұзақ сақталады. Бұл микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады (бактериялар үшін ең тиімді көбею аймағы).  Сондықтан дайын тағамдарды үйде 2 сағаттан артық бөлме температурасында сақтамаған жөн.

Тағамнан уланудың алдын алу үшін келесі санитариялық — гигиеналық талаптарды сақтау маңызды:

  • тағам өнімдерін тек сенімді сауда орындарынан сатып алу;
  • жарамдылық мерзімін қарау және сақтау температурасын бақылау;
  • шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау;
  • ет пен құс өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізу;
  • салаттарды пайдаланар алдында ғана дайындау;
  • қолды жақсылап жуу және жеке бас гигиенасын сақтау;
  • ауыз ашқанда тағамды бірден көп мөлшерде емес, аз-аздап қабылдау.

Қорытындылай келе, тағам қауіпсіздігі – жеке адамның ғана емес, бүкіл отбасының денсаулығы үшін жауапкершілік. Сондықтан қарапайым ережелерді сақтау арқылы тамақтан уланудың алдын алуға болады.  Әсіресе, мереке және ораза кезеңінде тамақтану тәртібін бақылау, өнім сапасына мән беру және сақтау шарттарын қадағалау – қоғамдық денсаулықты сақтаудың маңызды бөлігі.

Б.Е.АБЖАНОВ,

Қарағанды қаласы

 Қазыбек би атындағы ауданының

 санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау басқармасы басшысының м.а.,

 

Ж.Т.АЮПОВА,

бас маман