ОНЛАЙН ОҚУ КӨЗДІ ОҢДЫРМАДЫ
Қарағанды облысында пандемия басталған бір жыл ішінде көру қабілеті нашарлаған оқушылардың саны күрт көбейген. Дәрігерлер «бұл – оқушылардың ұзақ уақыт компьютер мен гаджеттерде отыруының салдары», — дейді. Себебі, сабақты үйден оқитын жасөспірімдер бір тәулікте кемі 7-8 сағат компьютер алдында отыруды әдетке айналдырған.
Қарағанды қаласының №1 емханасында қазір көзін тексертуге келетіндердің қарасы көп. Офтальмолог Жанат Қалиақпарова келген әр он оқушының ішінде кемі екі-үшеуінің көру қабілетіне зақым келе бастағанын білмейді, — дейді. Егер, ол ерте анықталып, емдеу шараларын бастаса, жанарды сақтап қалуға болады. Алайда, көбі көру қабілеті күрт нашарлаған кезде ғана дәрігерге жүгінетін көрінеді.
Жалпы, кез-келген індеттің туа пайда болған және жүре пайда болған екі түрі болады. Окулистер көру қабілетінің нашарлауында да бұрын баланс сақталатын деп отыр. Яғни, туа біткен нашар көрушілер мен індетті жүре тауып алғандар тең болған. Бірақ, қазір жүре пайда болған ауру түрі көп. Оқушылар арасында әсіресе жақындағыны көріп, алыстағыны көрмейтін дерт түрі асқынып барады. Мамандар бұл тікелей гаджеттер мен компьютерде көп отырғанның салдары екенін айтады.
Жоғары санаттағы дәрігер Жанат Қалиақпарова өткен жылғы, яғни 2019-2020 жылы көз ауруынан кезекте тұрғандар 12-13 пайыз болғанын айтады. Ал, биылғы көрсеткіш 28 пайызға бірақ жеткен. Яғни, екі еседен сәл асады. Сондықтанғ маман компьютер алдында әрі кетсе үш сағаттан артық отырмау керектігін, ал әр жарты сағат сайын көзге арналған жаттығуларды жасап, көзді бұлшық етерін тынықтыру керек екенін айтады. Тіпті бір сағат жұмыстан кейін көзді жұмып, бес минут тынықтырғанның өзі орасан зор пайдалы болады деп отыр. Осындай қарапайым ережені ескермеу салдарынан бір ғана мектептегі 10 сынып оқушылары арасынан бір айда бес баланың көзі нашарлағаны анықталған. Ал, елде қанша мектеп, қанша сынып бар және әр айда қаншасының денсаулығына зақым келіп жатқанын ойша есептей беріңіз.
«Көзді тынықтыру керек, компьютер алдында ұзақ отырмаған жөн. Балаларға гаджеттерді бермеген абзал». Бұл расына келгенде барлығы білетін, бірақ түгел орындай бермейтін қағида. Осы тарапта мектепте сабақ беретін ұстаздардың да пікірін ескеруді жөн көрген едік. Назым Сағатбекқызының он бес жылдық тәжірибесі бар, орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Соңғы бір жылдағы ахуалға ол да алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі, ұзақ уақыт қашықтықтан оқыған шәкірттерінің бірқатары көру қабілетінің нашарлағанына шағымданған. «Бұрындары көзілдірік киіп, көзі нашар көретін балалар аз болатын, қазір мысалы сыныптың 50-60 пайызының көзі нашар көреді. Ал, көзілдірік таққанға намыстанып, оны көрсеткісі келмейді. Сондықтан, тақтаға келіп, көздерін сығырайтып қарайды немесе тақтаның қасына келіп қарап жүреді. Ондай балалар көбейіп кетті», — деп таңданады.
Сорақысы сол, көз жанарының нашарлауы үш-төрт жастағы бүлдіршіндер арасында да жиілеп кеткен. Бұл тарапта ата-аналар да «жыламаған балаға телефон жоқ» екенін жақсы біледі. Мектепте әр сабаққа 45 минут беріліп, арасындағы үзілістермен және жарықтың дұрыс түсуі сынды маңызды факторлар ескерілген. Ал, қашықтықтан оқу процесінде бұл жағдайларды ескеріп, бақылау ата-ана мойнына түседі. Сондықтан, олар «Балалардың көбі ұялы телефон, планшеттен бас алмайды, жоғарғы сынып оқушылары таңертең 10-да отырып, кешкі 5-6 да тұрады. Сабақты ұялы телефонға шұқшиып отырып істейді», — дейді. Бірақ сабақты оқымасқа тағы болмайды. Ал жас балалы аналар бала тынышталсын деп, қолына телефон ұстатып уатады. Бұл баланың тек көру қабілетіне емес, ойлау, үйрену қабілетіне кері әсерін тигізетін көрінеді.
Фармацевтер болса, қазір дәріханаларда компьютерлік көзілдіріктерге, көз дәрілеріне де сұраныс артқанын айтады. Бірақ, мамандар бұл дауаға шипа болмайтынын ескертеді. Себебі, көру қабілеті күрт нашарлаған кезде кешенді түрде емдеу жүргізбесе, салдары қиын болуы мүмкін, — дейді. Әсіресе, көзі онсыз да нашар көретіндер уақыт өте келе тас қараңғылық құшағында қалу қаупі жоғары. Сондықтан, ата-аналар бұл проблемаға атүсті қарамауы керек, — деп дабыл қағады.
Атап өткен жөн, қазір Қарағанды облысында көз жанары нашарлаған 1100-ге жуық оқушы тіркеуде тұр. Жыл сайынғы медициналық бақылау нәтижесін саралау кезінде екінші кезекте жасөспірімдердің арасындағы семіздік ауруы және үшінші орынға орталық жүйке жүйесі ауруларының асқынғаны анықталған.
Ал, ғаламдық сарапшылардың пікірі көңіл көншітпейді. Олар уақыт өте келе, яғни 2050-ші жылдарға қарай қазіргі жер шары тұрғындарының кемі тең жартысының көзі нашарлап, көзілдірікке мұқтаж болады деп топшылаған.
Расул МҰХАММЕД
«QH»