«Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінің жұмыс істеуі және оның нәтижелері бойынша алдын алу шараларын түсіндіру мақсатында онлайн-кеңес өткізілді
Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыстық бюджет бағдарламалары әкімшілерінің қатысуымен «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінің жұмыс істеуі және оның нәтижелері бойынша алдын алу шараларын түсіндіру мақсатында онлайн-кеңес өткізді.
Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері 2024 жылғы қарашадан бастап алдын ала ден қою шараларын қолдана отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйелерінің деректерін мониторингілеу бойынша жаңа тәсілдерді қолдануда.
Бюджеттік қаражаттың, соның ішінде білім беру саласында еңбекақы төлеуге бағытталған қаражаттың пайдаланылуын бақылауды күшейту мақсатында «Онлайн бюджеттік мониторинг» (ОБМ) модулі әзірленді, осы модуль арқылы тәуекел профильдері бойынша жалақы төлеу мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және тәуекел расталған жағдайда мониторинг объектісіне ден қою хаты жіберіліп, бюджет бағдарламаларының әкімшісіне, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық органдарына ақпарат беріледі.
2025 жылдан бастап бюджеттік мониторинг аясында мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт салаларындағы еңбекақы төлемдері қамтыла бастады.
Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен (бұдан әрі – Департамент) 2025 жылғы 23 сәуірде еңбекақы төлемдерін мониторингілеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелерін түсіндіру мақсатында облыстық бюджет бағдарламалары әкімшілерінің, білім беру, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау басқармаларының қатысуымен кеңес өткізілді.
Кеңесте Департамент тарапынан 2024 жылғы 1 қарашадан 2025 жылғы 16 сәуірге дейінгі кезеңде ОБМ арқылы жалпы сомасы 873,2 млн теңгені құрайтын 2093 төлем қамтылғаны, оның ішінде жалпы сомасы 18,5 млн теңгені құрайтын 400 төлем бойынша тәуекелдердің расталғаны атап өтілді. Соның ішінде 8,6 млн теңге бюджетке қайтарылған, қалған сома өтеу кестесіне сәйкес қайтарылуда.
Бұзушылықтар келесі тәуекел бейіндері бойынша анықталды:
— «800,0 мың теңгеден асатын артық қаражат аудару тәуекелі» профилі бойынша еңбекақыны негізсіз төлеудің екі фактісі анықталды, жалпы сомасы 536,6 мың теңге, оның ішінде «Ақтоғай ауданының білім бөлімі» ММ 336,6 мың теңге, Қарағанды қаласының «№45 гимназиясы» КММ 200,0 мың теңге. Бұл бұзушылықтар есепші мамандардың заңсыз әрекеттерінен туындаған.
— «Жеке тұлғаның карта-шотының сәйкессіздігі» профилі бойынша да екі негізсіз төлем фактісі анықталды, жалпы сомасы 508,6 мың теңге, оның ішінде «Шет ауданының білім бөлімі» ММ 324,3 мың теңге, Қарағанды қаласының «Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ 184,3 мың теңге. Бұл жағдайлар бұрынғы шоттардың мерзімі аяқталып, бұғатталғанына қарамастан жалақының сол шоттарға аударылғанынан туындаған. Жұмысшылар жалақы алмағандықтан, жалақы жаңа шоттарға қайта аударылған. Ал бастапқыда аударылған сома екінші деңгейлі банктерде қалып қойған. Тек Департаменттің араласуынан кейін бұл қаражаттар бұғаттан шығарылып, бюджетке қайтарылды.
Қалған бұзушылықтар «Бір ай ішінде әртүрлі мемлекеттік мекемелерден жеке тұлға шотына төлем түсуі» профиліне сәйкес анықталды. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V Еңбек кодексінің 68-бабы талаптарының бұзылғаны тіркелген. Атап айтқанда, бір адам бірнеше мектепте 2 және одан да көп ставкаларда қатар жұмыс істеген, бұл Еңбек кодексінің талаптарына қайшы. Өйткені, негізгі және қоса атқаратын жұмыстың жалпы ұзақтығы бір күнде белгіленген жұмыс уақыты нормасынан 4 сағаттан аспауы тиіс. Бухгалтер лауазымы уақыт бойынша еңбекақы төленетін қызмет болып есептеледі және еңбекақыны төлеудің негізі – жұмыс уақыты табельдері болып табылады, бұл қашықтан (дистанциялық) жұмыс істеу жағдайында да сақталуы тиіс.
Анықталған тәуекелдер бойынша мониторинг объектілеріне жалақыны есептеудің дұрыстығын растайтын құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы қағаз нұсқада ден қою хаттары (хабарламалар) жолданады, бұл туралы бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) және оның аумақтық органдарына ақпарат беріледі. Тәуекел расталған жағдайда, бюджет қаражатын негізсіз пайдаланудың алдын алу мақсатында объектіге 10 жұмыс күні ішінде тәуекелді өз бетінше жою ұсынылады. Орындамаған жағдайда жоспардан тыс аудит жүргізу мәселесі қаралатын болады. Қазіргі таңда жоспардан тыс аудит жүргізілген жоқ, барлық хабарламалар орындалуда.
Қазіргі уақытта ОБМ функционалы жетілдірілуде, тәуекел профильдері олардың тиімділігіне қарай өзектендірілуде, алдағы уақытта тәуекел срабатываниясы бойынша хабарламалар электрондық форматта жолданатын болады.