ОН АЛТЫ МЫҢ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ
Қарағанды облысында 6 093 азамат ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Өткен жылы тұрмысы төмен отбасыларға АЕК тағайындауға 1,8 млрд теңге жұмсалса, биыл бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл — аймақта тұрмысы төмен отбасылардың көбейгенін айғақтай ма? Бұл жөнінде Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбековамен сұхбаттастық.
— Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан қандай көмектер қарастырылған?
— Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырма бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігі жаңарды. Оған көпбалалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама кіреді. 2020 жылы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы, сондай ақ 23 жасқа дейін күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 46 760 теңгеден – 186 862 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Аталған көмекті 16 721 көпбалалы отбасы алуда. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 2,5 млрд. теңге көзделген, ол 30 мыңнан астам адамды қамтиды. Өткен жылы АӘК 24 925 адамға берілді. Атаулы әлеуметтік көмекпен ол отбасындағы бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға да әлеуметтік топтама беріледі. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама 3 358 балаға, оның ішінде 1 жастан 3 жасқа дейін – 1736 балаға, 3 жастан 6 жасқа дейін – 1622 балаға тағайындалды. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» және Алматы қаласындағы «Бақытты отбасы» орталықтарының тәжірибесін қолдана отырып, Қарағанды қаласында «Жанұя» аналарды қолдау орталығы», Сәтпаев қаласында «Қамқор», Жезқазғанда «Жанұя», Балқашта «Шаңырақ», Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінде «Үлкен отбасына ерекше мүмкіндік» орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй қатынастары, АӘК алу, кәсіп ашу, құжаттарды қалпына келтіру бойынша заңгерлердің, балаларды тәрбиелеу, өмірлік қиын жағдайдан шығу, отбасы ішіндегі жанжалдар және т.б. мәселелері бойынша психологтардың, отбасының қажеттіліктерін анықтау және жеке жұмыс жоспарын жасау бойынша әлеуметтік қызметкерлердің консультациялары тегін ұсынылады.
— Үйде отырып кәсіп ашамын, бизнес бастаймын деген азаматтарға қандай қолдау бар?
— Табысы аз немесе көп балалы отбасылардың мүшелеріне «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» аясында микрокредит беру қарастырылған. Оның шарттары:
1) кредит/микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін;
2) Кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы – 16 млн. тг дейін;
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 %-дан аспайды.
Қайтарымсыз грантттар конкурсына қатысу кезінде атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушыларға «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын оқу талап етілмейді. 2021 жылға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруға 5,6 млрд.теңге қарастырылды. Бағдарлама аясында 35127 мың адамды қамту жоспарлануда.
Бағдарламаның «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырудың» бірінші бағыты бойынша 1,3 млрд. теңге қарастырылды. Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 700 адам жіберу жоспарлануда. Ал бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жұмыс кадрларын қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 283 адам жіберілді.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты бойынша 2,4 млрд.теңге қарастырылды. «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға өзін-өзі қамтыған және жұмыссыз азаматтар қатарынан 1250 адам жіберу жоспарлануда. Бизнес-жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған бағдарламаға қатысушыларға мерзімінен бұрын қайтарылған қаражат есебінен 121 шағын несие, 113 грант берілді. Мал шаруашылығына — 50, құрал — жабдықтар — 15, еңбек құралдары — 20 және жабдықтар — 24 сатып алуға берілді. Сондай-ақ 218,8 млн. теңге сомасына қосымша 375 грант бөлу туралы өтінім берілді. Барлығы 666,8 млн. теңге сомасына 1143 грант берілетін болады.
Бағдарламаның «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру және адамдардың ерікті түрде қоныс аудару арқылы еңбек нарығын дамыту» үшінші бағытын жүзеге асыру аясында 1,9 млрд.теңге қарастырылды. Бос жұмыс орындарына 4 739 адам жұмысқа орналастырылды. 409 әлеуметтік жұмыс орны құрылды. Жастар тәжірибесіне 193 адам, қоғамдық жұмыстарға 2563 адам жіберілді.
Облыста жұмысқа жарамды азамат 672 465 адамды құрайды. Өткен жылы 30 690 адам жұмыссыздық қамытын киді. Ал 1 сәуірге деін жұмыспен қамту қызметтеріне 6093 жұмыссыз азамат тіркелді. Аймақта жыл басынан бері 10004 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты – 6342 орын. Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында 2021 жылға несиелендіруге — 1,8 млрд. теңге бөлінді. Жобаларды іске асыруға жалпы сома 21 млрд. теңгені құрайды. 425 жұмыс орнын құратын 19 жоба іріктелді, оның ішінде Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 214 адам жұмысқа орналастырылады. 801 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады.
— Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту қарастырылған ба?
— Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларын – жұмысқа орналастыруды, кәсіпкерлікте көмек көрсетуді, тиімді жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасауды көздеп отыр. Негізгі тетік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болып табылады, оның шеңберінде мүгедектігі бар адамдар оқытылып, жұмысқа орналасады, сондай-ақ бизнесті дамытуға және кеңейтуге шағын несиелер мен гранттар алады. 2021 жылы Жұмыспен қамту органдарына 457 мүгедек адам жүгінді. Бос жұмыс орындарына 116 адам жұмысқа орналастырылды, 12 адамға әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылды, қоғамдық жұмыстарға 240 адам жіберілді, жастар арасынан жастар тәжірибесіне — 6 адам қатысты. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді курстарға 7 адам жолданды. Жеңілдетілген шағын несиелендіруді 6 адам пайдаланды, оның ішінде өз ісін ашуға — 2 адам, кеңейтуге – 4 адам. 4 адам бизнес – идеяларды іске асыруға өтеусіз мемлекеттік гранттар алды. Мүгедек адамдарды жұмыспен қамтуды кеңейту мақсатында жұмысқа орналастыру квотасы көзделген. ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес қалалар мен аудандардың әкімдіктері ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының 2-ден 4% — на дейін мүгедек адамдар үшін квота белгілейді. Қала және аудан әкімдіктері 16837 қызметкерді құрайтын 117 кәсіпорын (ауруханалар, мектептер, жеке ұйымдар, коммуналдық мекемелер) анықтады. Квота 346 адамға белгіленді, онда 309 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде квотадан тыс жұмыс істейтін мүгедектер саны 289 адам, квота бойынша 20 адам жұмысқа тұрғызылды. Бұдан басқа, қалалар мен аудандардың әкімдері 2021 жылға облыстың 120 ұйымы мен кәсіпорнында квоталанатын жұмыс орындарын белгілейді. Қазіргі таңда экономика салаларында 6840 мүгедек жұмыс істейді.
— Мүмкіндігі шектеулі жандарға «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қандай қызметтер көрсетіледі?
— Мүгедектігі бар адамдарды қолдау Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» № 39 Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік саясаттың басымды бағытының бірі болып мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету табылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектігі бар адамдар 55 түрлі техникалық құралдармен, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының, арнайы әлеуметтік, Инватакси, санаторий-курорттық қызметтермен мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделу және техникалық оңалту құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi. Аталған қызметтер мен техникалық көмек түрлері оңалту іс-шараларына жатады. Оңалту шараларымен қамтамасыз ету оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес және онда көзделген көмек түрлерін ұсыну арқылы жүзеге асырылады. ОЖБ-н медициналық-әлеуметтік сараптама органдары дайындап, тағайындайды. ОЖБ-да ұсынылған әлеуметтік оңалту шараларын қалалық және аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері іске асырады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басатамасымен мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету бағытында реформалар жүзеге асырылуда. Реформаның бір бөлігі болып «Әлеуметтік қызметтер портал» ААЖ танылады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Портал арқылы барлық техникалық құралдарын және қызметтерін ұсынуды көшіру басталды. Қазіргі таңда Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар сурдотехникалық, тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдарды, кресло-арбаларды, санаторий-курорттық емделуді, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерін ала алады. Портал мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе болып табылады. Мемлекет тарапынан техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің құнын өтеу тетігі көзделеді. Портал тұтынушы неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша ақы төлеу мүмкіндігін қарастырады. Өнім берушілер міндеттемелерін тиісінше орындамаған, жосықсыз болған жағдайда оларды Порталдан алып тастау бойынша шаралар көзделген. Бұл адал бәсекелестікті арттырады және әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін жеткізуге қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Қызмет алушылар порталды өз бетінше немесе Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің көмегімен пайдалана алады.2021 жылы Портал арқылы техникалық оңалту құралдарына 3 554 тапсырыс, жеке көмекшінің қызметтерін 3030 адам, ымдау тілі маманының қызметтерін 503 адам қолданды, 602 адам санаторий курорттық емдеуге тапсырыс берді.
— Сұхбат бергеніңізге рахмет.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
«QH»