Қолжетімді инклюзивті қызмет

Қарағанды облысында инватакси қызметі қолжетімді бола түсті. Ерекшелігі бар азаматтар облыстың барлық қала мен аудандарына кез-келген уақытта қатынай алады, деп хабарлайды Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аппараттық кеңесте Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова мәлім еткендей, бүгінде аймақтың барлық өңірінде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. 120 автокөлігі бар 15 қызмет орталығы ашылған.

– «Инватакси» қызметін 2 218 адам пайдаланады. Сонымен қатар, «Инватакси» аутизм спектрі бұзылған және церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларға да қолжетімді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Және де шипажайға барғанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына жауапты күтушісінің шығыны толық өтеледі. Сол себепті облыста бүгінде шипажайларда ем алатын I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың саны артқан.

Сонымен қатар Қарағанды қаласында мүгедектер арбасын жөндейтін сервис орталығы жұмыс істейді. Мұнда тек арбаны жөндеп қана қоймай, оларды тазартып та береді. Және де жеке параметрлерге сәйкес таңдап алу бойынша да көмек көрсетіледі. Арба жөнделіп жатқанда, орнына уақытша басқасы беріледі. Орталықта 4 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасқан.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылымды жасау басты назарда.

Бұл мақсатта алдымен әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету нысандары мүгедектігі бар азаматтарға бейімделіп жасалуда. Бүгінде қолжетімділік интерактивті картасы толтыруда. Соңғы деректерге сай, Қарағанды облысында 970 объектіде инклюзивті орта құрылған. Сайтқа кірген азаматтар картаны жетілдіру үшін өзінің пікірлерін қалдыра алады.

Салынған жаңа ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету үшін облыста комиссиялар құрылды. Олар нысанды пайдалануға беру актілерін келісуге қатысады. Сондай-ақ, объектілерді тексеріп, ғимарат иелеріне ұсыныстар беретін мобильді топтар жұмыс істейді.

Аймақ басшысы мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы техникамен қамтамасыз етіп, уақытылы оңалту емдік курстарынан өткізу маңызды екенін атап өтті.

– «Инватакси» қызметі үздіксіз болуы тиіс. «Мүгедектер арбасын жөндеу» жобасы үлкен сұранысқа ие. Мүмкіндігі шектеулі әрбір адам оны пайдалана алуы үшін ол туралы көбірек ақпарат айтылуы керек. Интерактивті қолжетімділік картасының көмегімен мүгедектігі бар адамдар қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік алады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Ғимараттың әрбір иесі объектіні бекітілген нормаға сәйкес келтіруі керек. Бұл ерекше азаматтардың өмірін жеңілдетеді. Қалалар мен аудандар әкімдерінен мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруды және оңалту жөніндегі шараларға ерекше назар аударуды сұраймын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.