Олжас Бектенов: Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен бизнес арасындағы сенім мен ұзақмерзімді серіктестік орта қалыптастырады

Жиынды ашқан Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті. Бизнес – экономикалық реформалар жүргізуде басты серіктес, бұл жұмыста «Атамекен» ҰКП маңызды рөл атқарады.
Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі.
Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Сіздердің қарамақтарыңызда мыңдаған азамат жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына реформа міндеттерін дұрыс жеткізу маңызды
, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының Заң және Тәртіп жаппай үстемдік құрған Әділетті Қазақстанды құру туралы бағдары кәсіпкерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеп, адал еңбек, кәсіпке деген құрмет, елге жанашыр болу сияқты құндылықтардың маңызын арттыра түседі. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту сенім мен ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастырады.

