ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ҚАЙТА ОРАЛДЫ

1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер дүние-мүлкі, табысы жайлы жалпыға бірдей декларация тапсырады. Түсінікті тілмен айтқанда, бұл – салық салынатын жеке тұлғаның табысы туралы есеп.
Декларацияның басты мақсаты – мал-мүлкін жасырғандарды анықтау және сыбайлас жемқорлықты жою. Дегенмен жыл басталғалы ел ішінде мобильді аударымдардың бақылануына қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Қазір қолма-қол ақша тұрмақ, банк картасын тастамай алып жүретіндер аз. Сол себепті бұл жаңалыққа жұртшылық аса қуана қойған жоқ. Ал, үкіметтің айтуынша, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталып отыр. Тек әр түрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған тұлғаларға ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі. Бұл жерде айта кететін жайт – жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін, яғни туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобильді аударым жасай да, қабылдай да береді. Мысалы, әріптесіңіздің туған күніне ақша жинаған болсаңыз, тексере келгенде түсініктеме жазып берсеңіз жеткілікті. Мұндай аударым бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ.

Мобильді аударымдар бақыланады дегеннен бастап кәсіпкерлер түрлі айлаға көшті. Kaspi Pay-де банк әр төлемнен 0,95 пайыз ұстайды. Әрі ай сайынғы 1 950 теңгелік абонтөлем бар. Көбісі мұндай төлемді әділетсіз деп есептейді. Ірі бизнеске аса ауыр болмағанымен, базарда жұмыс істейтін саудагерлер мен дүңгіршек иелерінің қалтасына бұл әжептәуір салмақ салады. Сондықтан кейбірі тек қолма-қол төлем ғана қабылдаймыз десе, енді біреулер банк ұстайтын пайызын аларманға төлетеді. Яғни сіз қолма-қол ақшаға 200 теңгеге алуға болатын тауарды QR-код арқылы төлегіңіз келсе, 230 теңге төлеп аласыз. Ал бұл аларман үшін тиімсіз.
– «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, төлем қабылдаудың әр түрлі әдісі бар, соның ішінде банк картасы, QR-код және қолма-қол ақша арқылы жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту – әділдік емес. Сонымен қатар тұтынушы құқығын бұзу болмақ. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, салық төлеушінің тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет, – дейді Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Камералық бақылау басқармасының басшысы Алданыш Адамбеков.
Осы ретте кәсіпкерлерге төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау ұсынылады. Қазір салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді: салық ставкалары қызмет түріне байланысты тек 1%-дан 4%-ға дейін. Бөлшек салық үшін қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364 түрге кеңейтілді, жеке табыс салығының мөлшерлемесі Қарағанды және Қызылорда облыстарында 2%, Астана қаласы үшін 3%-ға дейін төмендетілді. Бөлшек саудагерлер, қызмет көрсететін кәсіпкерлер осы режимді қолдана алады. Кәсіпкерлер төлем қабылдаудан бас тартқан жағдайда, алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайта бас тартса, 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Тіркеусіз қызмет жасағаны үшін жеке кәсіпкерге 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
– Кірістерді жасырғаны үшін төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанса – 300% айыппұл салынады. Чек бермегені үшін 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Бақылау шаралары салығын адал төлейтіндерге әсер етпейді, – дейді Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Ахметбеков.
Сонымен қатар 2023 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мораторийінің мерзімі аяқталды. 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек тұрғыны декларация тапсырады. Декларация ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі. Ал екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәлімет көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Жалпыға бірдей декларациялау – көлеңкелі экономиканы болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты жолы. Егер азамат кіріс көздерін растай алмаса, онда ол осы сомадан салықтың 10 пайызын төлеуі қажет.