Қолайлы жұмыс – бәріне ортақ мүмкіндік

Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған арнайы жұмыс орындары ашылып жатыр. Биылдың өзінде облыс бойынша 13 жаңа жұмыс орны құрылып, оған көру, есту және тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар жұмысқа орналасты.

Мәселен, қарағандылық Найман Жақсыгорин «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде ерекше балаларға үстел ойындары бойынша нұсқаушы болып еңбек етіп жүр. Арбаға таңылғанына қарамастан, Найман жаңа қызметінде белсенділік танытып келеді. Оның айтуынша, бұл жұмысты табуына Еңбек ұтқырлығы орталығы көмектескен.

– Мен арбамен жүремін, алайда қолым мен ойым сау. Осы дағдыларымды қажет ететін жұмыс тапқым келді. Орталық мамандары «АСЕТ инклюзив» ұйымынан бос орын ұсынды. Әңгімелесуден кейін мен бұл қызметке жараймын деген шешім қабылданды, – дейді ол.

Жаңа жұмыс орны мүмкіндігіне сай болуы үшін ғимаратқа пандус орнатылып, тұтқалар мен арнайы жиһаздар қойылды. Бұл бастама жұмыс берушінің мемлекетпен бірлесе жүзеге асырған қолдауы арқасында мүмкін болды.

Алмас Мырзаханов есімді тағы бір қала тұрғыны – есту қабілетінде қиындық бола тұра, «АлтынПласт» компаниясына терезе монтаждаушы ретінде жұмысқа қабылданған. Мұндай жағдайлар – ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашып отыр.

Мемлекет арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге субсидия түрінде қолдау көрсетеді. Жаңа қызметкердің қажеттіліктеріне сай жұмыс орнын бейімдеуге кеткен шығындар өтеледі. Сондай-ақ жалақының бір бөлігі де бюджет есебінен субсидияланады: алғашқы жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%, егер еңбекақы мөлшері 30 АЕК-тен аспаса.

Өткен жылы өңірде 1 318 мүгедек азамат жұмысқа орналасқан. Оның ішінде есту және көру қабілеті бұзылған жандарға 13 арнайы жұмыс орны ашылған еді. Биыл да осы көрсеткіш сақталып, жаңа мүмкіндіктермен толығуда.

Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттырып, олардың қоғамға араласуына жол ашатын нақты қадамдардың бірі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»