Қолөнер мектебіндегі қиындыққа кім жауапты?
Қазақтың ұлттық қолөнерін меңгеріп, қолына ине ұстағанына 35 жыл болған Лира Шаймұраттың асқақ арманы – шәкірт тәрбиелеп, жастарға ұмыт болып бара жатқан құндылығымызды жеткізу. Осы қалауын орындау мақсатында «Асылмұра» қолөнер мектебін қаламыздың оңтүстік-шығысында ашты. Алайда қазір туындаған үлкен мәселе – Artsport қосымшасы арқылы шәкірт тіркеу.
– Artsport арқылы жұмыс жасаймын. Басында білместікпен балаларды үйірмеге өзім тіркедім, кейін барлық оқушыны қосымшадан өшірдік. Одан кейін ата-аналар балаларын тіркеген соң да ақаулар шығып жатыр. Кейбірі аккаунттың логині мен паролін ұмытып, нақты тіркеген-тіркемегенін біле алмай отырмын. Artsport-тың жеке кабинетінде мектебіме кімнің тіркеліп, кімнің тіркелмегені көрінбейді. Ол өз алдына мәселе болса, екінші мәселе – тіркелген балаларды тіркелмеген деп шығарып тұр, – дейді ұстаз Лира Шаймұрат.
Осы мәселемен дәлізде 3-4 ата-ана күтіп отырды. Олардың бірі – ауданнан келген 8 жастағы Фатиханың анасы Альмира ханым.
– Алғашында үкімет платформасына қызымды мұғалім өзі тіркеді. Кейін баланы Artsport-қа хабарласып қайтарып алдым. Енді қолөнер мектебіне қайта өзім тіркейін десем, қызым қосымшадағы тізімнен шықпайды және үйірмеде тіркелген дейді, бірақ қай үйірмеде екенін көрсетпейді. Техникалық көмек алу мақсатында бірнеше рет пошталарына хат жаздым, хабарластым. «Бала жайлы толық ақпарат жіберсеңіз, қай үйірмеде екенін анықтап береміз» деген, бірақ әлі жауап жоқ, – дейді ол.
Редакциядан адам келетінін білген ата-аналардың айтары бір. «Мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру платформасының жұмыс істеуі жақсартылып, оперативті болса екен» дейді.
Лира апайымыз әуелде кәсібін өзі бастап, 2020 жылы мемлекеттен 500 мыңдық грант ұтып, оған тігін машинасын алған.
– Одан кейін 5 миллион теңгелік грантқа қатыстым, бірақ маған берілмеді, кейін осы мәселемен әкімдікке барғанымда реттейтіндерін айтқан еді, әлі ешқандай нәтиже жоқ, – дейді қазақ қолөнерін дамытпақ боп жүрген қолөнерші.
«Өнер тамған он саусақ – үзілмейтін ырысың» демекші, үйренген адамға қолөнердің өмірлік азық болатынын айтуда балаларын үйірмеге берген ата-аналар. Қазір құрақ көрпе тігуді үйреніп жүрген 8 жастағы Айлиннің сөзінше, қолөнермен айналысқан қызық әрі оған ұнайтын көрінеді.
Қазіргі таңда қазақ қолөнерін дамыту – қолға алынып жатқан үлкен мәселе. Ешкімге ұқсамайтын боямалы дәстүрді сақтау, ұрпаққа жеткізу – міндет.
Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,
«QH»