«Ол бәріне жылы сөз таба білді»: санитариялық қызмет ардагері – Серікбай Сәтеков туралы әріптестерден естеліктер
Қарағанды облысының санитариялық қызметінің ардагері – Серікбай Сәтеков бірнеше онжылдық бойы облыстық санэпидстанцияны басқарды. Көптеген қазіргі қызметкерлер оны білді және осы уақытқа дейін құрметтейді. Ол тәрбиелеген мамандар өз саласының маманы және керемет адам ретінде өзінің тәлімгерін ешқашан ұмытпайды. Серікбай Түгелбайұлы қандай болғанын Қарағанды облысының санэпидбақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санэпидбақылау басқармасы басшысының орынбасары Бейбіт Әбжанов және Департамент бөлімінің басшысы Ақбота Елеусізова еске алады.
Серікбай Сәтеков өмірінің көп бөлігін санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арнады. Тек 1970-2008 жылдары ол әртүрлі деңгейдегі мекемелерді басқарды, Совет аудандық санэпидстанцияның санитариялық-гигиеналық бөлімінің меңгерушісі және Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болып жұмыс істеді. Серікбай Сәтеков облыстың қоғамдық өміріне де белсенді қатысты — ауыз судың сапасы мәселесі бойынша кездесулер мен тыңдауларға, «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы» ҚР Заңын әзірлеуге қатысты. Құжат 2002 жылдың желтоқсанында қабылданды. Ол бірнеше әдістемелік материалды дайындап, басып шығарды, нәтижесінде олар қызмет жұмысына енгізілді, Қазақстан мен ТМД елдерінің журналдары мен жинақтарында жарияланған ғылыми-практикалық мақалалар жазды.
Серікбай Сәтеков – «КСРО Денсаулық сақтау үздігі», «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерінің, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына, ҚР Конституциясының 10 жылдығына арналған медальдардың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамоталарының иегері.
Жұмыста Серікбай Сәтеков алға қойылған міндеттерді шешуде табандылық танытып, өзіне және ұжымға деген талапшылдығымен ерекшеленді. Сондықтан ол өзінің әріптестері арасында шынайы құрметке ие болды.
Облыстық санэпидбақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова Серікбай Сәтековпен 1990 жылы қаңтарда кездесті. Сол жылы ол Целиноград облыстық СЭС-тен Қарағандыға ауыстырылған еді.
«1994 жылы мені метрология және стандарттау бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Серікбай Түгелбайұлы бөлімшені маған, жас маманға тапсырудан қорықпады. Жиналыстарда ол ешқашан даусын көтермеді, біз жұмыс барысында қателеспеуге тырыстық. Біздің қызметімізді Серікбай Сәтеков он жарым жылдан астам уақыт басқарды және аймақта үлкен құрметке ие болды. Оған көптеген мәселені шешу үшін тұрғындар көп келетін еді, осындай түрлі мәселе міндетті түрде өз шешімін табатын», – деп атап өтті Гүлжан Байгутанова.
– Серікбай Түгелбайұлы, – деп қосты ол. – Әрқашан мінсіз киінетін. Әрдайым кез-келген адаммен және бүкіл қызмет штатымен, оның ішінде зертхана қызметкерлерімен амандығы түзу болатын, олардың барлығының аты-жөніне дейін есінен шығармайтын еді.
«Серікбай Түгелбайұлын басқа лауазымға шығарып сала отырып, біз байланыста болатынымызды түсіндік. Бірақ оның кететіні туралы айтқан кезде көпшілік жиналыста көз жасын ұстай алмады. Ал кейінірек, ол басқармада жұмыс істеген кезде және бізде алқалы жиын өтетін болды, осы тұста әріптестер оны қошеметпен қарсы алды», – деп толықтырды Гүлжан Байгутанова.
– Кейде мен қызымды жұмысқа алып келетінмін, оның сәби кезі еді, кездейсоқ бас дәрігердің кабинетіне кіріп келді. Серікбай Түгелбайұлы қызыммен кездесіп, содан бері олар бір-бірімен көрген кездерінде, амандасатын болды.
«Серікбай Түгелбайұлының айтуынша, Айтоша көлігін көргенде жүгіріп келіп, қол бұлғап, амандасады екен. Оған басшы болса да, сыйлықтарын ала жүретін. Осының өзінен Серікбай Түгелбайұлы туралы көп нәрсе білуге болады. Ол жүрегі кең, ғажап адам еді және бәріне өзі туралы өте жақсы әсер қалдырды. Адамдар ол кісіге жүрегімен тартылатын», – дейді Гүлжан Байгутанова.
Қазыбек би атындағы ауданның аумақтық санэпидбақылау басқармасы басшысының орынбасары Бейбіт Әбжанов медициналық институтты бітіргеннен кейін Серікбай Сәтековпен танысты, Қарағанды облысында жұмысқа бөлу бойынша 1988 жылдың тамыз айында келген.
«Егер мен маман ретінде жетістіктерге жетсем, бұл – Серікбай Түгелбайұлының еңбегі. Ол менің тәлімгерім болып, еңбек жолыма әсер етті деп айтуға болады. Барлық бастама оның батасымен болды. Менің тағайындауларымның бірінен кейін – Саран қаласындағы қызмет басшысы лауазымына – жеке өзіме қоңырау шалып, құттықтады. Ол бәріміз үшін білімімен бөліскен бұлақ көзі бола білді. Біз ұстазға қарап, бойды түзеп, одан үлгі алып үйрендік. Ол бәрімен ортақ тіл таба алды, кез-келген әңгімені қолдап, тыңдай алды, ешқашан адамдарды жасына, тіпті мәртебесіне қарай бөлмеді. Оған тек біз ғана емес, басқа қызметтегі әріптестеріміз де құрметпен қарады», – дейді Бейбіт Әбжанов.
– Қарағанды облысына, біздің басшымыз енгізген жұмыс тәжірибесін қабылдау үшін, басқа облыстардың санитариялық қызметтерінің мамандары келді, – деп қосты Гүлжан Байгутанова. Қарағанды облысы әрқашан озық тәжірибе мектебі болды, бұл да көп нәрсені білдіреді.
«Қарағандыда айналма жол салынғаны есімде. Бұл 2000-жылдары болған, қоқыстардан тазарту мәселелері санитариялық қызметтің мойнына түскен кез еді. Серікбай Түгелбайұлы, бір жағынан, барлық бақылауды қол астындағыларға тапсыра алар еді, бірақ ол бұл мәселені жеке өзі шешуді жөн көрді. Жергілікті жерлерде кезекшілерге келіп, оларға тамақтарын әкеліп, көмек бере білді. Басқарманың қатардағы мамандарына деген мұндай қамқорлық, менің ойымша, өте қымбат және оның адамгершілігін көрсетеді», – деп еске алады Бейбіт Әбжанов.
Департамент бөлімінің басшысы Ақбота Елеусізова 1998 жылы Серікбай Сәтековпен танысқан. Ол бұрыннан ғылыммен айналысқысы және зертханада жұмыс істегісі келгенін айтады. Ол бұл туралы болашақ басшысына айтқан.
«…Есімде, ол бөлімге баруға кеңес берді. Бұл қамқорлық пен оның өз шешімінің дұрыстығына деген сенімділігі деп білемін. Осылайша Серікбай Түгелбайұлы менің тағдырымды анықтады. Мен де, Бейбіт Елубайұлы мен Гүлжан Жақтайқызының сөздеріне қосыламын: ол бәрімізге үлгі бола білді және біз үшін оның үмітіне сай болу аса маңызды болды. Оның көзқарасы сөзден гөрі қатты сөйледі. Ол тікелей адам жанына бойлап, бәріне мұқият қарайтын, тіпті оның жүрісінің өзінде бір әдемілік, сымбаттылық көруге болатын», – деп Ақбота Елеусізова еске алды.
Бөлім басшысы өз сөзінде: «Серікбай Сәтеков сұрақтар қойып, өзі сол сауалдарына жауапты да айтып беретін. Ол сирек кездесетін және құнды қасиетке ие еді: ол қолдауды, тыңдауды, мәселені түсінуді және шешім табуға көмектесуді білген басшы болды. Бұл тек жұмысқа ғана қатысты емес.
«Ол өзінің әрбір қызметкерін білді және әрқайсысы үшін жылы сөз тапты. Біздің үлкен тату ұжымымыз оған да осылай жауап берді. Өзін білген әріптестер әлі күнге дейін осындай сезімін жоғалтқан емес. Мен әріптестерімнің біреуінің ол туралы теріс пікір айтқанын ешқашан естіген емеспін. Қазірдің өзінде, біз Серікбай Түгелбайұлын жылулықпен еске аламыз. Ол тек мықты маман ғана емес, сонымен қатар нағыз басшының қандай болуы керек екендігінің тамаша үлгісін қалдырды: батыл, дана және ең бастысы – тұла бойынна біткен адамгершілігі», – деп атап өтті Ақбота Елеусізова.
Серікбай Сәтековты Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұжымы 15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маманының кәсіби мерекесі қарсаңында өз ардагерін шын жүректен құрметпен еске алды. Мекеме ұжымы Серікбай Сәтековке өзі тәрбиелеген әріптестері онымен жұмыс істеу кезеңінде жинақталған білімге сүйене отырып, өз лауазымдарында еңбек етуді жалғастырғаны үшін шынайы алғысын білдіреді. Ол керемет үлгі, өз ісінің шебері және керемет көшбасшысы бола білді.