ҚОЙ ДЕСЕ ДЕ ҚОЙМАЙМЫЗ, БӘРІБІР ТОЙ ТОЙЛАЙМЫЗ

Соңғы бір жыл көлемінде дүниежүзін дүрбелеңга салған коронавирус тіршілікке талай түзетулер еңгізді. Ауырмаудың амалын қылып, небір тәсілге көштік. Ине ұстап көрмегендер маска тігіп, тігінші атанса, енді біреулер интернет дүкен ашып, кәсібін дөңгелетті. Қиындықтан шығу үшін қырық амал қылғандардың бәрі ақыр соңы оңай жол онлайн екенін ұқты. Жұмыс та, қылмыс та интернетке икемделді. Алаяқтар әлеуметтік желіде жұртты алдап әккіленді. Біраз жұрт қашықтықтан қызмет көрсетуге дағдыланды. Оқуды да онлайнмен ойластырдық. Қарап тұрсаңыз қара жұмыстағылардан басқасы қашықтықтан отырып қаржы табуда. Сот та, сабақ та, алқалы отырыс та, келелі кеңес те онлайнға көшті. Осы тұста онлайнға көшпей қалған бір сала бар.Ол той бизнесі саласы. Қашықтықтағы асабаны қалай еселестетерсіз. Алайда қашықтық қазақтың тойына қайшылық қылалмады. Жиғанын тойға шашып, құдадан құда асып, кит беріп жарысуды тоқтату оңай емес сынды. Теңгесін шашып, жеңгесін тасып жүріп тығылып той жасауда қазақтың қанына тез сінді. Тойхананың есігінен кірмесе де «тесігінен» кіріп, дүркіретіп той қылғандар қаншама. Ол ұрлығы әшкере болып, әлеуметтік желіде аймандай етіп айтылсада қоймады. Карантиндік шектеудің алғашқы кезеңінде тойсыз, табыссыз қалдық деп шырылдаған асабалар да бүгін аузын ашпайды.Өйткені оларда жасырын тойдың «жақсылығын» көруде. Той иесі мен асаба ымдасып жүріп ымыраласқан той өткізеді. Бір қызығы осындай жасырын тойдың өтіп жатқанын жұрттың бәрі біледі. Бірақ арнайы тексеріспен жүрер мониторингтік топ назарына ілігетіндер шамалы. Осындай жасырын тойдың жақсы тамадасы болып жүрген асабалардың айтуынша той ережесі ептеп болсын өзгеріпті. Шақырылатын қонақ саны, тойдың өту ұзақтығы шегерілгендей. Бірақ ауру қалса да, әдет қалмайды демекші тойда отырғанын жария етіп, фото салатындарын қайтерсіз. Бірақ «архив» деп жазуды ұмытпайды. Жасырын тойға барып көргендердің айтуынша бұл бір тығылыспақ ойнағанмен тең екен. Тексеру тобының келерін той иесі алдын ала сымсыз телефоннан біліп отырады. Тексеріс келіп кеткенше 20 минут тойхана есігі тарс жабылып, іште жарық өшіріледі екен. Басын бәйгеге тігіп, тойға өз еркімен келген қонақтар бұл шартқа көнеді. Көнбеске амал қайсы? Ешкімнің той артынан теңге шашып, айыппұл арқалағысы келмесі анық. Мұндай шараларға қатысты эпидемиологиялық қадағалау қызметіндегілер пікірі мынадай:

«Қарағанды облысы «қызыл аймақта», өткен наурыз айында аурушаңдық ақпан айымен салыстырғанда 1,5 есе жоғарылады. Оның себебі мереке күндері халықтың шектеу шараларын бұзуы болып табылады. Сондықтан банкет, үйлену тойы, мерейтойлар сынды адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу талабы сақталады».

Талап қатаң, бірақ соған құлақ асар жан табылса. Қазірдің өзінде алдағы айларға той жоспарлағандар тойханалармен келісіп әлек.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»