Облыстағы эпидемиологиялық ахуал: балалар мен ересектерге маңызды ескертулер
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының эпидемиологиялық ахуалы мен тұрғындарды маусымдық аурулардан қорғау шаралары туралы мамандар хабарлады.
Эпидемиологиялық жағдай
Жыл сайын облыста 350-400 мыңға дейін ЖРВИ жағдайы тіркеледі. Биылғы эпидемиологиялық маусымда 1 қазаннан бастап 116 914 жағдай анықталды. Оның 59%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында.
Тұмаудың 113 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде:
112 жағдай – А (H3N2)
1 жағдай – А (H1N1)
Өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ көрсеткіші 30%-ға төмендеді. Сонымен қатар, тұмаудан басқа вирустар да белсенді: риновирус (40%), парагрипп (23,5%), боковирус (16%), аденовирус (9,3%), РС-вирус (1,5%).
Балалар арасындағы сырқаттанушылық
1 қазаннан 9 желтоқсанға дейін 13 358 сырқат жағдайы тіркелді, бұл жалпы сырқаттанушылықтың 11,4%-ын құрайды. Қашықтан оқыту форматына 540 бала ауыстырылды.
Қызылшаның 34 расталған жағдайы тіркелген, олардың 72%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар қызылшаға қарсы вакцинациялаудың маңыздылығын ескертеді, себебі ауру асқынған жағдайда энцефалит, пневмония және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Вакцинация және алдын алу шаралары
Тұмауға қарсы вакцинациядан 176 014 адам өтті, оның 173 000-ы жергілікті бюджет есебінен. Вакцина ағымдағы штаммдардан қорғауды қамтамасыз етеді.
Мамандар тұрғындарды келесі алдын алу шараларын сақтауға шақырады:
көп жиналатын орындардан аулақ болу;
бөлмелерді желдетіп, ылғалдандыру;
қолды өңдеу үшін антисептик қолдану;
науқастармен байланысты шектеу және оқшауландыру;
ауру белгілері байқалған жағдайда балаларды үйде қалдыру;
өз бетімен емделмеу, уақтылы медициналық көмекке жүгіну.
Мерекелік қауіпсіздік
Желтоқсан айында мерекелік шаралар мен сауда белсенділігі артады. Мамандар тәттілер мен кондитерлік өнімдерді тек сертификатталған және дұрыс таңбаланған сауда орындарынан сатып алуға, тағамды дайындау мен сақтау кезінде гигиена ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Ең қауіпті тағамдар: көп компонентті салаттар (майонез қосылған), кілегейлі кондитерлік өнімдер, туралған ет пен балық. Дайын тағамды бір тәуліктен артық сақтамау, жаңа піскен тағамды ескі қалдықпен араластырмау қажет.
Алкоголь өнімдерін шамадан тыс, ашқарынға тұтынбау, тексерілген және сертификатталған өнімдерді таңдау маңызды.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды мерекелік дастархан мен тамақтану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

