Облыста мал шаруашылығы дамуда

Қарағанды облысында мал шаруашылығын дамыту жалғасуда. Биыл АӨК саласында «Сарыарқа» ӘКК қолдауымен 13 инвестициялық жоба жоспарланған, оның үшеуі сүт-тауар фермаларын салу бойынша болса, қалғаны суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша.


Нұра ауданының Көбетей ауылында тәулігіне орта есеппен 27 тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін сүт-тауар фермасының құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорын голштин тұқымды сиырлар әкеледі, жоба 1 100 бас ірі қара ұстауды қарастырады. Ферма жобалық қуаттылыққа шыққан кезде, жылына 9 000 тоннаға жуық сүт өндіру жоспарлануда. 70-ке жуық жұмыс орны құрылады, бұл ретте жұмысқа бірінші кезекте жергілікті тұрғындар орналастырылады.

Жоба менеджері Арман Нұржанов өндірістің барынша автоматтандырылатынын атап өтті.

– Жоба өткен жылы басталды, биыл күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – өте қымбат жоба, себебі жоба құнына ферма салу, оны жабдықтау, мал алу, оларды жем-шөппен қамту – осының барлығы кіреді. Малды Еуропадан аламыз деп отырмыз. Бүгінде жұмыс 45% аяқталды. Жабдықтардың барлығы заманауи, өндіріс толығымен автоматтандырылатын болады.

Сүт-тауар фермасы өзін азықпен қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленді. Ол сүрлемге арналған жасыл жүгері және басқа да дәнді дақылдар отырғызылады деп жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді.


– Бұл – аудандағы, тіпті облыстағы ірі жобалардың бірі. Жаңа шаруашылық ауданымызда ғана емес, облыста агроөнеркәсіп саласы мен мал шаруашылығының дамуына серпін бермек. Жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылады, – дейді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Уәлихан Оспанов.


Сонымен қатар өңірде өсімдік шаруашылығы саласында суармалы егіншілікке баса назар аударылуда.
Облыстағы ең ірі «Шахтерское» ауылшаруашылық кәсіпорны жыл сайын суармалы жерлердің аумағын кеңейтіп келеді. Айналымға су алу және беру үшін барлық инфрақұрылымы бар қосымша 200 га енгізілді.
Сонымен қатар пестицид сақтауға арналған қойманың құрылысы аяқталды, машина-трактор шеберханалары мен автогараждар қайта жаңартылды.

– Биыл біз картоп өсірудің қарқынды технологиясын қолдандық. Суармалы жерлерді кеңейте береміз, суармалы алқаптарды 100%-ға дейін жеткізгіміз келеді, – дейді «Шахтерское» ЖШС директорының орынбасары Виталий Прокоп.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»