Облыс –«Қызыл» аймақта

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгиннің хабарлауынша, бағалау матрицасына сәйкес, облыс 13 қаңтардан бастап «қызыл» аймақта орналасқан.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда пандемия басталғаннан бері коронавирустық инфекцияның 111 775 жағдайы тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші 7 844,6 адамды құрады.

— Соңғы күндері COVID-19 жаңа жағдайларының саны тәулігіне 820-ға дейін өсті. Жоғары көрсеткіш Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларында және Абай ауданында байқалады. Көбіне 50 жастан асқандар ауырады, олардың үлес салмағы – 55%. Ал 30-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар екінші орында – 26%, 14 жасқа дейінгі балалар – 10%. Аурудың ең жоғары көрсеткіші зейнеткерлер арасында – 33%, — деді Юрий Залыгин.

Сондай-ақ коронавирустың жаңа штаммы туралы да айтып өтті:

– ДДҰ мәліметтері бойынша, жаңа штамның тез таралуы денсаулық сақтау жүйесіне жоғары жүктеме әкелуі мүмкін. ДДҰ оның жалпы қаупін «өте жоғары» деп бағалайды. «Омикрон» нұсқасының ерекшеліктері – өте жұқпалы (таралу коэффициенті 1:5), қайта жұқтыру қаупінің жоғарылауы. Жоғарғы тыныс жолдарында «Омикрон» «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Штамм басқалардан көптеген мутациялармен де ерекшеленеді: «Омикронда» омыртқа ақуызындағы 32 жаңа мутация бар. Бұл «Дельта» штаммынан екі есе көп. Осыған байланысты ол қолданыстағы вакциналарға төзімді. Ал, басқа штаммен инфекциядан кейін пайда болған адамның иммундық жүйесі ауруды жеңе алмауы мүмкін, — деді Юрий Леонидович.

Юрий Леонидович жағдайдың қауіпті екенін ескере отырып, инфекция қаупін азайту және жаңа штамның одан әрі таралмауы үшін вакцинациялаудан және ревацинациядан өтуді ұсынды.

— Құрметті жерлестер! Мен сіздердің жауапкершіліктеріңізге жүгінемін. Қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке қауіпсіздік шараларын сақтауымызға тікелей байланысты. Естеріңізге сала кетейін, вакцинация COVID-19 пандемиясымен күресудің маңызды құралы болды және болып қала береді. Бұл – карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің жалғыз баламасы, сонымен қатар бұрынғы шектеусіз өмірді қайтарудың жалғыз жолы! Жеке қауіпсіздіктеріңіз үшін карантиндік шараларды сақтауды ұмытпауларыңызды сұраймын. Яғни, маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын сақтау және мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға бармау, — деді Ю.Залыгин.

Облыста 18 жастан асқан 897 340 адам вакцинациялаудан өткен. 18 қаңтардағы жағдай бойынша, 608 509 немесе 67,8% адам бірінші компонентпен егілсе, 565 213 адам немесе 63%-ы вакцинаны толық қабылдады.

«Комирнати» вакцинасымен (Pfizer/BioNTech компаниясы өндірген) облыста 17 449 адам егілді, оның ішінде жүкті әйелдер – 692, бала емізетін әйелдер – 2 967, жасөспірімдер – 13 840.

Бүгінгі күні облыс бойынша 64 407 адам иммунитетті көтеру үшін үшінші бустерлік дозамен ревакцинациядан өтті.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»