ОБЛЫС ДӘСТҮРЛІ ОҚУҒА КӨШЕДІ

Қарағанды облысында 1 қыркүйектен бастап 209 067 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Оның ішінде 21 803 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бірінші сынып оқушылары. Қарағанды облысы биылдан бастап дәстүрлі оқуға көшпек. Бұл үшін өткен жылғы қателіктерден сабақ алып, биылғы оқу барысын барынша нәтижелі өткізу міндеті тұр.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова штаттық форматта жұмыс істеу үшін басты талап – КВИ-ге қарсы педагогтар мен қызметкерлерді 100 пайыз вакцинациялау деп отыр. Бүгінгі күні індетке қарсы екпе салғандар саны 84% -ға жеткен. Вакцинацияны 18 жастан асқан колледж студенттері де жасайды деді ол.

Бүгінгі күні барлық білім беру ұйымдары санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген.

– Кабинеттік жүйені жою және әр түрлі сыныптар үшін үзілісті бөлу арқылы, 25 оқушыдан аспайтын сыныптарға бірнеше ауысымда сабақтар өткізу жоспарлануда. Сабақ кестесі бастауыш, орта және жоғары буынды ескере отырып жасалады. Бұл жағдайда, егер оқушылардың біреуінде коронавирус анықталса, барлық мекеме емес, жеке блок карантинге жабылады, – деді Гүлсім Қожахметова.

Бұл орайда оқулықтардың қажетті саны да сатып алынады. Бұған бюджеттен қаражат бөлінді. Жаңа оқу жылына дейін облыста 146 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған. Оның 111-і мектеп, 26 балабақша, 8 колледж, бір балалар үйі. Тоғыз нысанның, оның ішінде төрт мектеп пен екі балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ биылдан бастап жабылатын мектептер де бар. Атап айтқанда ауыл халқы жаппай көшіп, салдарынан халық саны мен оқушылар саны тиісті межеге жетпей қалған білім ошақтары да бар. Мысалы Қарағанды облысындағы Айғыржал ауылы мектептің 4 жылдық болып қысқаруы салдарынан қаңырап бос қалудың аз-ақ алдында тұр. Себебі халықтың жаппай қоныс аударуы кесірінен білім ордасында не бары 20 шақты оқушы қалған. Жеке шаруашылықпен айналысатын азғантай жұрт ауылға басқа жақтан халық көшіріп, бала санын көбейтіп әлек. Бірақ әзірге одан еш нәтиже шықпай тұрған көрінеді. Бір кезде Шет ауданының орталығы болған Айғыржал ауылын әлі де сақтап қалу үшін әркім осылай қолынан келгенін істеп әлек. Бірақ, халықтың жаппай қоныс аударуы өз салдарын айқын көрсетті. Алдымен 9 жылдық болып қысқарған Маясар Жапақов атындағы мектеп енді мүлде жабылып қалуы мүмкін.

Негізі мектептің материалдық – техникалық базасы нашар емес. Ұстаздық құрам да толық. 14 сынып, спорт залы мен кітапхана және балалар орталығы бар. Әр сыныпта бірлі-екілі оқушының отырғаны болмаса, білім деңгейіне де шағым жоқ көрнеді.

«Мектептің жабылмағаны жақсы болар еді, себебі ауылдың көбі осында жұмыс істейді. Техникалық толық жабдықталған. Тіпті 10-11- сынып болса тіптен жақсы болар еді. Себебі ауылдың көркеюі осы балаларға байланысты», -дейді мектеп оқушысы Бекзат Маясар.

Ал, аудандық білім бөлімінің мамандары болса үкіметтің Қаулысы негізінде қазір тек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүргенін айтады.

Шет ауданы білім бөлімінің басшысы Елдос Жарылғапұлы: — Әрине біз де түсінеміз халықтың жағдайын, балалар оқуы керек. Бюджетке қарап, ақылдасып, халықты шулатпай ұстап келеміз. Биыл да сол жағдай бірақ жыл соңында жұмыс қортындысы бойынша халыққа түсіндіреміз. Егер бала саны толмаса мектепті жабу қаупі туатынын білуі тиіс. Егер мектеп қысқарса, жоғары сынып оқушылары іргелес орналасақан Өспен ауылдық округінің мектебіне баратын болады. Ол үшін тәулігіне бір мәрте жүретін көлік қарастырылуы мүмкін. Бірақ, тұрғындар үшін бұл ыңғайсыз болмақ. Аталған ауылда қазір 25 отбасы түтінін түтетіп отыр. Олардың тең жартысы орта мектепте жұмыс істейді.

Егер мектеп 4 жылдық болса, осындағы жұмысшылардың тең жартысы тағыда қысқаруы мүмкін. Бұл онсызда шағын ғана ауылдың қаңырап бос қалуына әкеп соғама деп қауіптенеді жергілікті жұрт.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.