Оқушылар тегін жүре бастады

Қарағандылықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін айрықша шаттықпен қарсы алды. Өйткені дәл осы күннен бастап облыс орталығында кәмелетке толмаған оқушылар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болған-ды.

Расымен де, қымбатшылық қос бүйірден қысқан шақта, көпшілік «тегін» деген сөзді былай қойғанда, «арзан әрі сапалы» деген ұғымды да ұмыта бастаған-ды. Әйтсе де былтыр облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев кеншілер шаһарының балаларына жолақы құнын тегін ету мәселесін қарастыруды тапсырды. Өйткені жолақы құнын «Оңай» картасы арқылы төлеу жүйесі тиімділігін көрсетіп, бұған дейін көлеңкелі экономиканың көлбеуінде болып келген қаражаттың қазынаға түсуіне жол ашқан еді.

Аймақ басшысының тапсырмасы орындалды. Қажет құжаттар ресімделіп, оқушыларға тегін жүруге рұқсат берілді. Бұл туралы қала әкімі Мейрам Кожухов сүйіншіледі.

– 18 жасқа дейінгі балаларымыз қоғамдық көлікте тегін жүреді. Барлық дайындық жұмысы аяқталып, заң жағынан қол қойылды әрі келісілді, автопарктермен тиісті нұсқама жүргізілді, – дейді шаһар басшысы.

Мейрам Кожухов ата-аналарға балалардың көлік картасын әрдайым өздерімен ала жүруі керек екенін ескертті. Өйткені жолаушылар ағынының нақты көрінісі сол арқылы қадағаланып отырады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»