Оқушыларға жағдай жасалады

Қарағанды қаласында Мұрагер мектеп-лицей-интернаты жанынан жаңа үлгідегі жатақхана салу жоспары қарастырылып жатыр. Әлеуметтік маңызы жоғары бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асуы мүмкін. Бастама өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев назарына ұсынылды.

«Мұрагер» – дарынды оқушыларға арналған жетекші білім ошақтарының бірі. Лицей шәкірттері республикалық және халықаралық олимпиадаларда, түрлі зияткерлік байқауларда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар, оқу орнының оқушылары робототехника мен STEAM бағыттары бойынша да әлемдік деңгейде табысқа жетіп жүр. Қазіргі уақытта лицейде шамамен 450 оқушы білім алуда. Олардың арасында ауылдық жерлерден келген балалар да бар. Осыған байланысты жатақхана мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Ұсынылған жобаға сәйкес, жаңа жатақхана 210 орынға есептелген. Бұдан бөлек, заманауи талаптарға сай спорт залының құрылысы да жоспарланған.

Жобаны таныстырған құрылыс компаниясының өкілі Данияр Қалкенов бастапқыда бұл аумақта тұрғын үй салу көзделгенін, алайда кейін әлеуметтік нысанға басымдық берілгенін атап өтті.

– Ғимарат төрт қабатты болады, кірпіштен тұрғызылады. Ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар қарастырылады. Құрылыста барлық заманауи талаптар сақталады, – деді ол.

Аймақ басшысы жобаны қолдап, қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін құрылыс жұмыстарын осы жылы бастау мүмкін екенін жеткізді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»