Оқу жылына әзірлік — жоғары

Аймақтағы білім ошақтары жаңа оқу жылына толықтай сай болуы керек. Оқулықтар 25 тамызға дейін, ал мектепті жылытуға қажет көмір 15 қыркүйекке дейін толық жеткізілуі тиіс. Бұл – облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы. Ал аймақтағы мектептер бұған дайын ба? Ол туралы Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова баяндап берді.

Қарағанды облысында мектепке дейінгі 415 ұйым болса, оларда 36 823 орын бар және қазір 27 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Indigo жүйесі арқылы мектепке дейінгі ұйымдарға 12 497 бала қабылданды, оның ішінде жекеменшік ұйымдарға қабылданғаны – 4 284 бала. Биылғы жылы мектепке дейінгі тағы 3 ұйым іске қосылады деп күтілуде. Яғни Қарағандыда жаңа жекеменшік балабақша ашылады және жұмыс істеп тұрғандары кеңейтіледі, Саран қаласында 270 орындық тағы бір жекеменшік балабақша, сондай-ақ Шет ауданында 50 орындық балабақша ашылады.

– Облыста жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер саны 406, оқушылар контингенті 169 мыңды құрайды. Бірінші сыныпқа 1 196 сынып жиынтығын құрайтын 16 995 бала барады. Биыл бірнеше шағын жинақты мектеп жабылады, олар: Абай ауданындағы мектеп және Осакаров ауданындағы 3 мектеп. Бір жалпы орта білім беретін мектеп бойынша негізгі орта мектептер Бұқар жырау және Осакаров аудандарында қайта ұйымдастырылатын болады. Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында бір негізгі орта мектеп бастауыш болып қайта құрылады, – дейді Гүлсім Қожахметова.

– Сонымен қатар өңірде 1 231 баланы мектепке тасымалдау жұмыстары үйлестірілмек, ал тағы 397 бала мектеп жанындағы интернатта тұрады. Тасымалдауға 70 көлік тартылған, 27 көлік лизинг есебінен, – деді Гүлсім Қожахметова. – 224 мектеп асханасында бейнебақылау бар, 82 мектепте қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігі бар, 29 мектепте Е-Асхана жүйесі, яғни қоғамдық тамақтануға арналған мобильді қосымша жұмыс істейді.

– Оқулықтармен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 15 тамыздағы жағдай бойынша, тиеп-жөнелту үлесі 56%-ды құрады, жеткізу процесінде оқулықтардың жалпы санының тағы 32%-ы тұр. Облыс тұрғындары мен кәсіпкерлері «Мектепке жол» акциясын белсенді қолдайды, қазіргі уақытта 760 оқушыға көмек көрсетілді, ал жалпыға міндетті оқу қорынан тағы 15 мың бала алады. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді. Оларды жөнелту жұмыстары жүріп жатыр, – дейді басқарма басшысы.

– Облыста 24 355 педагог жұмыс істейді, 13 170 педагогтің біліктілік санаты бар. Бұл – жалпы санның 54%-ы. Педагогтерге деген қажеттілік бар, яғни 728 маман қажет, атап айтқанда: Қарағандыда – 282, Теміртауда – 105, Балқашта – 51, Нұра ауданында – 66, Бұқар жырау ауданында – 90, – деп хабарлады Гүлсім Шабданқызы. – Қазіргі уақытта Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 22 түлегі жұмысқа орналастырылды, 15 тамыздан бастап жас мамандарды конкурс бойынша жұмысқа қабылдау жүргізілуде.

Мектептерде қолайлы жағдай жасау туралы айта келе, Облыстық білім басқармасының басшысы 116 мектептің жылы дәретханалармен жабдықталғанын, ал 2 ауылдық мектепте олар әлі орнатылып жатқанын атап өтті. Олар: Қызылшілік ауылының №41 бастауыш мектебі және Қарқаралы ауданына қарасты Айыр ауылының №57 бастауыш мектебі.

Өңір басшысымен өткен жиында білім беру объектілерінің санитарлық талаптарға сәйкестігі туралы мәселе де қозғалды. Бұл туралы Санэпидбақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Болат Алпысбаев мәлімдеді.

– Биылғы жылдың 4 шілдесінен 12 тамызына дейін біз 448 орта білім беру ұйымын мониторингімен қамтыдық, қазіргі кезде барлық проблемалық мәселе пысықталуда. Әсіресе жөндеу және күрделі жөндеу бөлігіндегі мекемелер бақылауда болады. Оқу процесінде басқа да мәселелер қадағаланады.

Қорыта айтқанда, Қарағанды облысында алдағы оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр.

Ақзия Оразалиева