Оқу жылы қорытындыланды: оқушылар жазда не істейді?
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова әлеуметтік желі арқылы ата-аналармен тікелей байланысқа шықты. Күн тәртібінде көтерілген басты тақырып – оқу жылын қорытындылау. Яғни ҰБТ-ға енген өзгерістер, колледж студенттеріне бөлінген гранттар, білімді бағалау сынақтары және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру әрі бала еңбегін пайдалану тақырыптары көтерілді. Сондай-ақ балалардың жазғы уақыттағы қауіпсіздігі және бақылауда болуы да назардан тыс қалмады.
Мектеппен қоштасу кеші қашан өтеді?
Гүлсім Шабданқызының мәлімдеуінше, Облыстық білім басқармасы 11-сынып түлектеріне аттестатты салтанатты түрде мектеп қабырғасында табыстауды 20-22 маусым аралығында өткізуді ұсынады. Оқу жылының соңында ата-аналардан мерекелік іс-шараларға, мектеп әкімшілігіне сыйлық жасауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және материалдық базаны жаңартуға ақша жинауға тыйым салынған. Бұл талапты ата-аналар мен ұстаздар қатаң сақтауы тиіс. Ал мектеппен қоштасу кешінің салтанатты жиынын өткізу жайлы шешімді ата-аналар комитеті, мұғалімдер және қамқоршылық кеңестері бірлесе отырып қабылдайды.
– Оқу жылының аяғында облыс мектептерінің контингенті 172 мың оқушыны құрап отыр. 11-сыныпты 7 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 412 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болса, 147 түлек – «Алтын белгі» үміткері. 9-сыныпты бітіретін 15 мыңнан астам оқушының 891-і «Үздік аттестат» алуға үміткер атанды. Жыл соңында 9-сынып оқушылары 4 пәннен, 11-сынып оқушылары 5 пәннен емтихан тапсырады. Емтихан тапсырудың бірнеше түрі қарастырылған, – дейді Гүлсім Шабданқызы.
ҰБТ-да қандай өзгеріс бар?
2022 жылдың қыркүйегінде ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың шешімімен талапкерлер ҰБТ-ны ақылы негізде үш рет тапсыру мүмкіндігін иеленген-ді. Яғни түлекке сынақтан сүрінбей өту үшін 5 мүмкіндік беріледі. Енгізілген өзгеріс бойынша, ҰБТ-ны жазда 2 рет тапсырып, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына осы екі сертификаттың үздігін ұсынады.
Тестілеу форматы мен пәндер санында өзгеріс жоқ. Тест тапсыру уақыты 240 минут, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минут беріледі. Шекті балл 50, ең жоғарғысы 140.
– Биылғы жылдың басты өзгерісінің бірі – информатика пәнінің ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының қатарына енуі. Яғни «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларын таңдаған түлектер тестілеуді математика-информатика комбинациясы бойынша тапсырады. Информатика пәнінің тест тапсырмасы 35 сұрақтан тұрады. Республика бойынша тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу туралы өтініш 28 cәуір мен 14 мамыр аралығында қабылданады, – дейді Гүлсім Шабданқызы.
9-сынып түлектеріне қандай жеңілдік бар?
9-сынып оқушыларына одан әрі 10-11 сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу мүмкіндігі бар. Гүлсім Шабданқызының айтуынша, облысымызда 55 колледж 97 мамандық, 114 біліктілік бойынша оқытады. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру аясында 8 089 орын бөлінген, оның 80 пайызы немесе 6 470 орны 9-сынып түлектеріне арналған. Бұл – колледжге түсетін талапкерге зор мүмкіндік. Колледжге түсу үшін құжат қабылдау 25 маусымнан басталады. Құжаттарды талапкер түсетін колледжге арнайы апарып немесе электронды үкіметтің egov-web порталы арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ облыста «Mycollege» электронды порталы жұмыс жасайды. Бұл платформа оқушының кәсіптік бағдар беру тестілеуінен өту арқылы мамандықты және колледжді таңдауына көмектеседі.
Бірінші сыныпқа қабылдау
Алдағы оқу жылына мектепке қабылдау ағымдағы жылдың 1 сәуірінен басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Құжат қабылдау электронды форматта ebilimal.kz және evog.kz электронды үкімет арқылы қабылданады. Мектеп 1-сыныпқа 6 жасқа толған және ағымдағы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балаларды қабылдайды. Бүгінгі күні мектепке қабылдау жайлы 9 749 өтініш келіп түскен.
Жазғы демалыс
Облысымызда 1-10 сынып оқушыларының 150 мыңға жуығын немесе 92%-ын жазғы демалыс және жұмыспен қамту жоспарлануда. Гүлсім Шабданқызының айтуынша, Қарағанды облысында қала сыртындағы 10 лагерьде 7 мыңнан астам немесе 4% бала мен жасөсіпірімді жазғы сауықтырумен қамту жоспарда бар. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен ауылды жерлердегі 500 бала қала сыртындағы «Салют» лагерінде, Назарбаев университетінің базасындағы лагерьде демалатын болады. 289 мектепте тамақтану орны бар лагерь ашылып, 3 маусымда 30 мыңнан астам немесе 18% бала демалатын болады. Биыл ерекше білім беру қажеттілігі бар 360 баланың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында алғаш рет мектеп-интернаттар базасында тамақтану орны бар лагерь ашылғалы отыр.
– 293 мектепте немесе 50% адамды қамтитын бейіндік алаңдар ұйымдастыру ойда бар, – дейді Білім басқармасы басшысы.
Облысымызда жыл сайын балалар үйі тәрбиеленушілері 100% жазғы демалыспен қамтылады.
Мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы 5 маусымда басталып, «Қауіпсіз жас», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз аттракцион» және «Қауіпсіз алаң» профилактикалық жұмыстары жүргізілмек. Ақтоғай ауданының қала сыртындағы «Факел» лагерінің базасында облыстық 2 слет өткізіледі. Оның бірі – 5-6 маусымда 5-6 сынып оқушыларына арналған «Өнерлі жас – өнерлі мақтаныш» шығармашылық жастар слеті. Ал 9-11 маусым күндері 9-11 сынып оқушылары арасында облыс әкімінің кубогы сарапқа салынатын «Сарыарқа пікірталас аймағы ІІ облыстық дебат слеті» өтеді.
Балалар еңбегін пайдалану
Балалар еңбегінің ең нашар түрін жою және пайдаланбау мақсатында маусым айында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес» ұлттық ақпараттық науқаны 12 күн бойы өтеді. Өткен аптада мектеп және колледж басшылары үшін жазғы кезеңдегі балалар қауіпсіздігі мәселелері қарастырылды.
– Оқу жылын аяқтау, жазғы кезеңге дайындық жұмыстары жалғасуда және үнемі бақылауда, – дейді Гүлсім Шабданқызы.
Құрметті ата-аналар, Білім басқармасында 25-25-02 немесе 8-747-491-12-91 жедел желісі жұмыс істейді. Туындаған мәселелер жөнінде осында хабарласу арқылы кеңес ала аласыз.
Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,
«QH»