Оқу жылы басталды
Қарағандыда 1 қыркүйек күні 82 білім ордасында 72 749 оқушы үшін жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. 7 975 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, қолға қалам ұстады. Ал 2 782 оқушы үшін бұл – мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылы.
Білім күні 11а ықшамауданында жаңа №14 мектеп-гимназия қарағандылық оқушылар үшін есігін айқара ашты. Оған қоса биыл №64, №74, №86 мектептер күрделі жөндеуден өтті.
Шаһар басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қаламыздағы ең көне №64 мектептегі салтанатты жиынға қатысып, білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Құрметті оқушылар, білім – адам бойына бітетін ең мықты қару. Абайша айтқанда, дамыған қоғамның кірпіші болып қалануларыңызға тілектеспін. Ұлтжанды, елім дейтін ұл-қыздардың қатарынан болыңыздар! Жаңа оқу жылы жаңа табыстар мен жетістіктерге толы болсын! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА