Оқу орны жабылды
Қарағанды медициналық университетіне қарасты колледж студенттеріне оқу орнының жабылуы туралы хабарланды. Себебі, колледждің лицензиясын ұзартпаған. 200-ден астам студент басқа медициналық колледждерге ауыстырылады. Бұл туралы білім алушылардың ойы қандай?
Көптеген студент көздеріне еріксіз жас алды. Колледждің жабылғаны туралы хабар оларды қапаландырды.
– Барлығы жылап, абдырап қалды. Бәрімізге өкінішті, ешкім ештеңе түсінбейді. Қазір біз қысқы тәжірибеге, емтихандарға дайындалып жатыр едік, аяқасты осындай жаңалықты естідік. Әрине, біз өте қапалымыз, не болатынын тіпті білмейміз, қазір қайда баратынымызды да түсінбей отырмыз, – дейді 3 курс студенті Юлия Денькова.
– Бұл өте қорқынышты, себебі, біз мұндайға моральдық тұрғыда дайын емес едік. Мен бұл колледжді тек шетелде жоғарғы білім алу мақсатымен таңдадым, бірақ қазір басқа колледжге немесе Чкаловтағы жоғарғы колледжге ауысуға, өкінішке қарай, мұндай мүмкіндігім болмайды, – деп қапаланды 3 курс студенті Алдияр Әлімғазиев.
– Бұл престиж мәселесі. Себебі, университетке қарасты колледжде оқу өте қызықты болды, университет студенттерімен тығыз байланыс орнаттық. Біз колледжден кейін университетке түсуге жоспарлап едік, мұнда оқытушылармен де жақсы қарым-қатынас орнаттық, – дейді тағы бір студент Айнұр Әбжанова.
Студенттердің айтуынша, колледж үлкен өндірістік компаниямен серіктесіп, онда олар бір жарым жыл бойы жобалар әзірлеп, білім алған. Үлкен перспективалар болды, бірақ қазір барлық еңбегі зая кеткендей. Студенттерге басқа медициналық колледждерге ауысуға уәде берілген, бірақ Карағандыда олар тек екеу ғана. Бұл ұсыныспен студенттер мен ата-аналар келіспейді. Жұлдыздың айтуынша, оның қызы үздік оқушы болып, басқа медколледжге грантқа түсуге мүмкіндігі болған, бірақ ол тек медициналық университетке қарасты колледжге мақсатты түрде түскен, өйткені мұнда оқыту ақылы.
– Бұл екі колледждің деңгейі мүлде бөлек, не жасырайын. Медакадемияға қарасты медколледж Германияда да беделді, ал басқа колледждер туралы олай айта алмаймын. Сондықтан біз білім министрлігінен осы колледжге лицензияны ұзартуды сұраймыз, колледж бен медакадемия арасындағы мәселелерді өздері шешсін, балаларымыз бұдан зардап тартпасын. Біз оларды осы колледжде аяқтауға, сол дипломды алуға мүмкіндік беруді талап етеміз, – дейді 4 курс студентінің анасы Жұлдыз Керімқұлова.
Университет себебін түсіндірді. 5 жыл бұрын университет гигиена және еңбек аурулары институтымен біріктірілген, ал қазір қайтадан бөлініп жатыр. Реорганизацияның нәтижесінде университет барлық оқу түрі бойынша лицензияны қайта алуы қажет. Колледжді жабу жоспарланған, соңғы екі жылда студенттер қабылданбаған. Сондықтан қазіргі кезде ол талаптарға сай келмейді және лицензия ала алмайды.
– Біз дәрігерлерді дайындауға және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беруге көбірек дайындалғанбыз. Колледжде оқыту біздің негізгі қызметіміз емес, әрі бұл әлдеқайда аз пайда әкелетін сала. Бізде білікті оқытушылар бар, бірақ колледждегі оқыту университеттегі оқу деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда төмен, – дейді Қарағанды медициналық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Қуатбек Төлеубеков.
Министрлікке сұрау жіберілген, 218 жоғарғы курс студенттерін осы колледжде оқуды жалғастыруға мүмкіндік бар ма деген сұраққа жауап әлі алынған жоқ. Ата-аналар жұмыс тобын құрды, заңгерлер жалдады және барлық ұйымға шағымдануды жоспарлап, Президентке дейін баруға дайын екендерін айтуда.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»