Қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабуға тыйым салынды

Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толық жауып тұратын киімдерді киюге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Жаңа ережелер тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін гардероб элементтеріне бағытталған.

Шектеуге ниқаб, бурка, балаклава, медициналық көрсеткішсіз тағылған маскалар және бетті толық жасыратын өзге де құралдар жатады. Бұл өзгерістер бейнебақылау жүйелері мен бет-әлпетті тану технологияларының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ереже барлық киім түріне бірдей қолданылмайды. Егер адамның бет-жүзі ашық болса, дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімдерге шектеу қойылмайды. Атап айтқанда, хиджаб, шейла, химар және әл-амира киюге рұқсат етілген.

Бұдан бөлек, медициналық қажеттілік туындаған жағдайда, суық мезгілде, қызметтік міндеттерді орындау барысында, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шаралар кезінде бет жабуға рұқсат беріледі.

Ішкі істер министрлігі бұл талаптардың діни сенімге немесе мәдени ерекшеліктерге қарсы емес екенін атап өтуде. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жаңа нормалар ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың ашықтығын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаңа талаптарды сақтауға шақыруда.