Қоғамдық кеңестің жылдық жұмысы қорытындыланды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының қорытындысы таныстырылды. Кездесу кезінде кеңестің өңір тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселелерді шешу бағытындағы нақты нәтижелері мен қол жеткізген жетістіктері айтылды. Сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейту, халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеру және жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау бойынша жүргізілген жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесі 36 мүшеден тұрады. Екінші рет қайта жасақталған кеңес 80 пайыз жаңа құраммен қызмет атқарып отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені сияқты әр саладағы мәселелерді шешу барысы тікелей эфирде өткен брифингте баяндалды. Биыл Қоғамдық кеңестің 14 отырысы өткізіліп, өзекті тақырыптар қаралды. Ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындарға жүргізілген сапарлар барысында жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік ахуалы басты назарға алынды.
– Жақында арнайы экономикалық аймақта болып, жұмыс барысымен таныстық. Басым бағыт ретінде жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін басты назарға алдық. Қоғамдық кеңес мүшелері үнемі еңбек ұжымдарымен кездесіп, тиісті ұсыныстарды назарда ұстайды. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беруді қарастырамыз, – деді Қарағанды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов.
Қоғамдық кеңес құрамындағы комиссия мүшелері жол инфрақұрылымын дамыту, ішкі туризмді жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және реттеу бағытында мониторинг жүргізіп отыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары да кеңес мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылуда.
– Агросалада сұрақтар өте көп түсуде, және біз оларды тиісті деңгейде шешіп жатырмыз. Жаз кезінде шегірткелердің қаптауы сияқты мәселе туындаған еді. Біздің комиссия мүшелері министрлікпен бірлесіп осы мәселені көтеріп, дрондар мен ұшақты қолдану, у шашу сияқты жұмыстарды қолға алдық. Бұл да кеңестің шешкен нақты мәселелерінің бірі болды, – деді Өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы және жер мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Ниқанбай Омарханов.
Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Шахтер» футбол клубын Акционерлік қоғамының сатылу мәселелерін талқылауға арналған қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қаңтар-маусым айы аралығында өңірдегі басқармалар мен ұйымдардың есептері тыңдалып, кеңес мүшелері өз ұсыныстарын білдірді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

