Қоғамдық көліктерден қатер көп

Қарағандыда жұртты қамықтырған өзекті мәселенің бірі  қоғамдық көліктер қызметіне қатысты. Жолаушының көңілінен шығып көрмеген бұл салада проблема жетерлік. Әлеуметтік желіде күнде шу болсада қозғалыс интервалы толықтай реттелген емес. Аялдамада сарылып автобус күту өз алдына, ал оған мінгендегі машақат тіптен бөлек. Жолаушы діттеген жеріне жеткенше жанын шүберекке түйгендей күйде болады. Біздегі қоғамдық көліктер қозғалысының тым қатерлі екенін соңғы болған қос автобустың қақтығысы дәлелдеп бергендей.

Жүргізушілердің жарыса жүйткуіне қарап  көліктің техникалық жағдайына да өзінің жүргізуші ретіндегі тәжірибесіне де осынша сенімді ме?, жалпы күніне мыңдаған жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер қозғалысына қадағалау бар ма?, деген сауал туындайды. Полиция өз тарапынан жолдағы бақытсыздықты болдырмау мақсатында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын жиі өткізіп тұрады. Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің күшімен кезекті рет алдын алу акциясын  өткерді. Нәтижесі көрсеткендей қос автобустың қақтығысы өзгесіне сабақ болмапты.

Жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншіні жолдан өткізбеу, көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу -бұл қоғамдық көлік жүргізушілері жіберер көп қатенің тізбегі. Ал  45-орам аялдамасына келгенде жол ережесі тіптен өрескел бұзылады. Автобустар жолға сыймағандықтан, тіпті жолдың екінші бөлігін жауып тастауды әдетке айналдырған.

Осындай жүгенсіз жүргізушілерді тәртіпке шақыруда апталық акциялар бірқатар жағдайды оңалтады екен. Дәлірек айтқанда көлік жүргізушілерінің заң бұзушылықтарын  уақытша болсада азайтады. Алдын алу шарасының алғашқы екі күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзғандар саны 258 болса, апта соңында бұл сан тіптен артты. Полиция берген статитстикаға сүйенсек, автобусқа отыруға секем алатындай ақпар айтылды. Облыс бойынша 1 аптада 772 автобус жүргізушісі жауапқа тартылған.

Қарағанды облысының ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының  орынбасары міндетін атқарушы Талғат Оспановтың айтуынша маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 169 тұлға, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 100 тұлға, регламент пен стандарттық талаптарға сай келмейтін көлікті басқарған 58 тұлға, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 19 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Демек өз ісіне жауапсыз қарайтын, жолаушының өміріне алаңдамайтын  қоғамдық көлік жүргізушілері көбейген.  Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жүргізушілер санының көптігіне қарап автобус паркінің  басшылығы  жүргізушілерді жұмысқа алғанда қатаң талап қоймай ма деген сауал туындады. Бұған №3 автобус паркінің басшысы Артур Григорянның жауабы мынадай:

Жұмысқа қабылдау үшін еңбек заңнамасы бар. Сол заңнама бойынша жүргізушілерді жұмысқа аламыз. Шынын айту керек бүгінде автобус жүргізушілері тапшы. Бос ваканциялар толып жатыр. Бірақ мұндай жұмысқа тұрсам деген сұраныс жоқ. Барлығы жұмыстың ауыртпашылығынан қашады.

Соңғы уақытта елімізде жолаушылар автобустарының  қатысуымен болған ірі апаттар саны көбейген. Соның бірі қарашаның сегізінде Алматыда орын алды. Салдарынан 21 адам медициналық көмекке жүгініп, 1 адам оқиға орнында қайтыс болды. 9 адам аурухана төсегіне таңылды. Ал біздегі қос автобустың қақатығысы салдарынан жүргізуші мен 19 жастағы жолаушы қаза болды. Тергеу ісі әлі жалғасуда.

Әсел Құсайынқызы,

«QH»