Қоғамдық көлік мәселесі

Тарифтің орнына жайлылық керек. Бүгінде Қарағандыда 7 ірілі-ұсақты автобус паркі жолаушы тасымалдаумен айналысады. Автокөлік паркін жаңарту, жүргізушілердің тапшылығы, жолаушыларға жағдайды жақсарту, рейстердің жүйелілігі және маршрут уақытын ұзарту өзекті мәселелер қатарында. Осылардың шешімін табу қалалық мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында.

Ең ірі автопарктердің бірі – 1982 жылы құрылған №5 автопарк. Ол үлкен материалдық-техникалық базаға ие және қаладағы 9 бағытқа қызмет көрсетеді, оның екеуі қала маңы, 7-і қалаішілік. Депутаттар автобазаны аралап, қызметкерлермен және жүргізушілермен тілдесті. Жақында компания автобустарын жаңарту курсынан өтті. Ескі, тозығы жеткен және жайлылық жағынан стандартқа сай келмейтін автобустар есептен шығарылып, Саран зауытында дайындалатын жаңа көлікпен ауыстырылады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін автобустарға пандус орнатылады. Арбалар үшін арнайы орындар бар. Салондағы жолаушылар үшін ауа ағынын реттеу мүмкіндігі бар кондиционерлермен жабдықталған. Ал бейнекамералар әртүрлі даулы жағдайды бірнеше рет түсіріп алған. Жүргізуші орыны дыбыстық хабарландыруы бар шаршауды тану жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал егер кенеттен арқаңыз жансызданып қалса, массаж жасауға арналған орындығы да бар. Бірақ жүргізушілердің заңбұзушылықтары да тіркеледі.

– Егер де жүргізуші жолда темекі тартып, телефонмен сөйлессе, диспетчерлік орталыққа бірден белгі келіп, бейнебақылау камераларынан біз жүргізушінің бұзушылықтарын көреміз. Ондай жағдайлар орын алғанда, біз міндетті түрде жүргізушіге арнайы шаралар қабылдаймыз, – дейді №5 автопарк автоколоннасының бастығы Еламан Абишев.

Бүгінгі таңда автопаркке 71 автобус қажет, 58-і жаңасына ауыстырылды, жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары жалғасады. Автокөлік кәсіпорнында жүргізушілер мәселесі де шешілуде. Қыста жүргізушілер бойынша айтарлықтай тапшылық болған. Бүгінде автопаркқа 20 жүргізуші жетіспейді, бірақ олар қажеттілікті толтыруды көздеп отыр. Осы мақсатта компания серіктес қалалардың жүргізушілері түнейтін жатақхана жобасын әзірледі. Еңбек жағдайын жақсарту да басты назарға алынған, сондықтан ауысым алдындағы емдеу жұмыстарына арналған заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Жүргізушілер автобустың техникалық жағдайына енді алаңдамайды, бұл үшін жеке құрам мен жабдықталған бокстар бар. Толыққанды тамақтану мақсатында автотұрақ аумағында үлкен асханада қарастырылған. Депутаттар автобус мәселесін қайта талқылауға шығаруды көздеп отыр. Жалпы Қарағандыда күніне 400-ден астам автобус жолға шығады. Тариф көтерілгеннен кейін әкімдік қозғалыс кестесін қайта қарау жұмыстарын белсенді түрде бастады.

– Автобустардың жұмыс уақытын ұзарттық. Майқұдық ауданына қарасты автобустар Оңтүстік-Шығыстан сағат 10-да шығып 11 жарымда Майқұдықта жұмысын аяқтайды. Дәл сондай жағдай Пришахтинскіде бар. Жұмыстардың барлығы біртіндеп жасалуда. Қазір біз алыс маршруттардың кестесін қайта қарап жатырмыз. Майқұдық, Пришахтинскі, ЖБИ деген секілді. Алда қалалық автобустарға назар аударамыз, – дейді Қарағанды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Жұмысшылардың көбі екі ауысымдық жұмыс режимін қалайды, бірақ қазір қалада 150 жүргізуші жетіспейтіндіктен, бұл әзірге мүмкін емес. Мемлекет кадр тапшылығын азайту мақсатында жүргізушінің ең төменгі жасын 25-тен 23-ке түсірді, ал D1 кіші санатын алу үшін еңбек өтілі бес емес, үш жыл етіп белгілеп қойған. Сондай-ақ Қарағандыда автобус жүргізушілерін оқытатын және арнайы куәлік алатын автодром ашуды көздеп отыр.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»