Қоғам саулығы – басты міндет
Халық денсаулығын қорғауда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының еңбегі зор. Қарағанды облысында бұл сала мамандары кәсіби мерекелерін алғаш рет ресми түрде атап өтті. Мерекеге орай өз ісіне адалдық танытып, ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталып, құрметке бөленді.
Ыстық ықылас пен жоғары құрмет тек санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің үздік мамандарына көрсетілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала қызметкерлерін құттықтап, олардың қоғамдағы еңбегінің ерекше маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Санитарлық қызметтің жұмысы көбінесе көзге көрінбей жатады. Дегенмен, сіздер инфекциялармен, эпидемиялармен және басқа да биологиялық қауіптермен күрестің алдыңғы қатарындасыздар. Ұзақ жылдар бойы еңбектеріңіз екінші жоспарға қалып келсе де, COVID-19 пандемиясы сіздердің қаншалықты маңызды әрі қажетті мамандар екеніңізді анық көрсетті. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, білімдеріңіз және адал еңбектеріңіздің арқасында қалалар мен ауылдарымызда қауіпсіздік пен тұрақтылық қамтамасыз етілуде. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман, еңбектеріңіз табысты болсын деп тілеймін, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Салтанатты шара барысында сала мамандарына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен Қарағанды облысының әкімінің Алғысхаттары табысталды. Сонымен қатар, Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин де әріптестеріне ризашылығын жеткізді.
– Сіздердің еңбектеріңіз аса жауапты әрі қиын міндеттерді қамтиды. Денсаулықтарыңыз мықты болып, күш-қуаттарыңыз таусылмасын. Біз бірлесіп, санитарлық қауіпсіздікті барлық деңгейде үздіксіз қамтамасыз ете береміз, – деді ол.
Айта кету керек, биылдан бастап 15 қыркүйек күні санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кәсіби мерекесі ретінде ресми түрде белгіленді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»