Қоғамға қайта оралу жолы – еңбек арқылы әлеуметтік бейімделу

23 сәуірде Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінің өндірістік инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту арқылы сотталғандарды жұмыспен қамтуға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған пилоттық жобаның жүзеге асырылуы талқыланды. Шараға Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері қатысты.

Жобаның мақсаты – сотталған азаматтарды кәсіби дағдылармен қамтамасыз ету, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Бұл бастама өндірістік қуаттарды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ ауылшаруашылығы мен өндіріс саласына тарту арқылы олардың әлеуметтік бейімделуін, материалдық жағдайын жақсарту мен моральдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Шара аясында «Атамекен» ҰКП алаңында жазасын өтеп жатқан азаматтар жасаған бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Шараны Қарағанды облысының ҚАЖ департаменті мен «Еңбек-Қарағанды» РМК өткізді. Көрмеде сотталғандардың қолынан шыққан бірегей бұйымдар ұсынылып, келушілерге олардың еңбек арқылы өзін-өзі дамыту жолын көруге мүмкіндік берілді.

Бұл көрме – тек шығармашылықты тамашалау емес, сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың оңалту және әлеуметтік бейімделу процесін қолдау мүмкіндігі. Қоғамға қайта оралуға жол ашатын бұл бастама – әр азаматтың өзгеруге және жаңа өмір бастауға деген ұмтылысының дәлелі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»