Nur Qadam-2022 Белсенді жастар құрмет төрінде
«Жастар елдің келешегі» дегенді жиі айтамыз. Әсілінде бұл құрғақ пафосқа құралған сөз емес. Қай елдің болмасын, негізгі қозғаушы күші – жастар. Олар белсенді болса, өз саласында алғырлық таныта білсе ғана мемлекетте ілгерілеу, экономика мен қоғамда даму болады. Сондықтан да, жалындап тұрған азаматтарға қолдау көрсетіп, мотифация беру қажет-ақ. Осы орайда, Тәуелсіздік күніне орай кеншілер шаһарында «Nur Qadam-2022» қала әкімі сыйлығының лауреаттары марапатталды. Жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталды.
Әкім сыйлығына 14 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтар үміткер болды. Алдын ала Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ережеге сәйкес өтінімдер қабылданып, арнайы құрылған қазылар алқасы үздіктерді анықтады.
- Қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласы әкімінің жастарға арналған сыйлығын табыстадық. Өздеріңізге белгілі, «Жастар біздің болашағымыз». Жақында ғана қаламызда «Алаш айлығы» деген үлкен іс-шаралар кешені өткен болатын. Оның да басы-қасында жастар жүрді. Тұғырлы елдің Тәуелсіздігі берік болсын. Жастарымыз белсенді болса, еліміздің іргесі берік болар еді, — деді салтанатты рәсімді құттықтау сөзімен ашқан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ильяшев.
Хош, сонымен қазылар алқасының шешімі бойынша «Жылдың жас волонтері» номинациясы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әдіскері Ілияс Смайылов марапатталды. Ол оқу ордасы жанынан құрылған «Жас орда» қауымдастығын басқара жүріп түрлі қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан. Сондай-ақ, Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс орын алған соң, ол өңірдегі бүлдіршіндерді Қарқаралы қаласында демалыс лагеріне орналастыру ісін ұйымдастырды. Он төрт мәрте қан тапсырып, науқастарға да көмек көрсеткен.
Ал, «Жылдың жас педагогы» аталымы бойынша Нұрдос Үсербаев есімді азамат марапатталды. Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда География пәнінен дәріс беретін азаматтың шәкірттері облыстық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Басқа да білім бәйгелерінен қара үзіп алға шыққан.
Бұдан бөлек, «Nur Qadam-2022» сыйлығының «Жылдың жас жұмысшысы» номинациясы Кеңес Бабажановқа, «Жас Отан қорғаушы» — Шерхан Төлеухановқа, «Жылдың жас дәрігері» аталымы — Досжан Мұқыповқа, ал, «Жылдың жас спортшысы» – Алина Чистяковаға бұйырды. Сондай-ақ, кәсіби қызметінде қазақ тілінің абройын асқақтатып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқаны үшін Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінің бөлініс бастығы кіші сержант Владислав Горизанов марапатталды.
- Қала әкімінің байқауына өзімнің бір жылдың ішінде атқарған жұмыстарымды жібердім. Қазылар алқасы мені марапатқа лайық деп таныған екен. Өз ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында сұранысқа ие және солай болуы да керек. Әсіресе әскердің айбынын ашып, руһын көтеретін де тіліміздің әлеуеті деп білемін. Жыл бойы түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз болып келдім. Алдағы уақытта өзіміздің тәлімгерлерімізді, жастарымызды да қоғамдық шараларға тартуды, биік белестерді бағындыруға ынталандыруды көздеп отырмыз, — дейді Владислав Горизанов.
Биыл қала әкімінің жастарға арналған сыйлығы алтыншы мәрте табысталды. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын таба бермек.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»