Әнмен өрілген өмір

Кеншілер Мәдениет сарайында қазақтың бұлбұлы атанған әйгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Ұлттық өнердің шоқтығын биікке көтеріп, талай шәкірт тәрбиелеген дара тұлғаның мерейлі сәтіне еліміздің әр өңірінен белгілі өнер иелері мен оның ізін жалғаған шәкірттері жиналды.

Өнер жолы – қиын да күрделі жол. Сол соқпақта көргенін көңіл сүзгісінен өткізіп, өз орнын тапқан тұлға ғана нағыз өнер иесі атанады. Қайрат Байбосынов – сондай тұлғалардың бірі. Оның өнерінің өзегі – кісілік пен парасат. Адамдық биікті өнермен өрген тұлғаның әрбір қадамы, әрбір әуені ұлт рухының айғағына айналған.

Арқа жұрты қазақ әнін жаңа белеске көтерген, тұтас бір буынды тәрбиелеп, өткен мен бүгінді жалғаған ұлы тұлғаның мерейтойын зор ықыласпен атап өтті. Өнер мен өнегені ұштастырған бұл кеш – Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндесіп, елге адал қызмет еткен тұлғаға деген құрметтің нақты көрінісіне айналды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кеш иесіне ізгі тілегін білдіріп: «Өнер мен өнегені ұштастырған сіздің жолыңыз – жас ұрпаққа үлгі. Біз өзіңізді қазақ өнерінің дара биігі деп бағалаймыз», – деді.

Шынында да, шәкіртсіз ұстаз тұл. Қайрат Байбосынов өз білгенін, көргенін өскелең ұрпаққа жеткізуді азаматтық парыз деп білген жан. Оның шәкірттері бүгінде қазақ сахнасының көрнекті орындаушыларына айналып отыр.

«Қайрат ағамыз – өнер мен ұстаздықты қатар ұстаған сирек тұлға. Ол бүгінге дейін ондаған шәкірт тәрбиелеп, қазақ ән өнерінің дәстүрін жалғастырып келеді», – деді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Мерейтойлық кештің шымылдығы әншінің кіндік қаны тамған Жаңаарқа жерінде түрілді. Туған топырақ төрінде өткен алғашқы концертте ел ағасын халқы ыстық ықыласпен қарсы алып, «қазақтың бұлбұлына» деген ризашылық сезімін білдірді. Ал Қарағанды қаласында өткен үлкен концерт те ерекше әсерге толы болды.

Өнері арқылы елін сүйсіндірген дара тұлғаға ел де құрметін көрсетті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қайрат Байбосыновқа Қарағандының қақ ортасынан жаңа пәтердің кілтін табыстап, «Өз ауылыңызда бір үйіңіз болсын» деген ізгі ниетін жеткізді. Бұл – елдің талантқа, адал еңбекке деген құрметінің белгісі.

Шынында, өнер адамын шабыттандыратын да, әлдилейтін де – халықтың ықыласы мен қошеметі. Ән десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы үшін бұл мерекелік кеш – рухани тазару мен ұлттық бірліктің символына айналды.

Қайрат Байбосыновтың шығармашылық жолы – адалдық пен адамгершіліктің айнасы. Өнерде де, өмірде де ұлтқа қызмет еткен тұлға «Адал азамат» ұғымының шынайы бейнесі іспетті. Оның әні – елдің үні, еңбегі – ұлттың өнегесі.

Осы кештен кейін әрбір көрермен жүрегінде бір ой қалды: адалдық пен руханият бар жерде ғана өнердің шырағы сөнбейді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»