«Әнім саған, Қарағанды!»
Қарағандының орталық саябағы мерекелік күндердің сәнін әнмен әрледі. «Әнім саған, Қарағанды!» атты дәстүрлі ән байқауының финалы кеншілер астанасының тұрғындарына тамаша көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде түрлі сала мамандары бас қосып, жұлдызды қазылар алқасының алдында үздік атануға тырысты.
Бұл байқау жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әр жолы қатысушыларға белгілі бір тақырып ұсынылады. Биылғы өнер додасы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Кеншілер күніне арналды.
Дәстүрлі жобаны Қарағанды қаласының әкімдігінің қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімі және Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады. Байқауға қатысушылар әртүрлі мамандық иесінен құралғанымен, олардың бәрін біріктіретін бір нәрсе бар. Ол әнге деген махаббат.
– Өнер додасының басты ерекшелігі – сахнаға жұп болып шығу. Бірі кәсіби әнші болса, екіншісі қарапайым қала тұрғындары: кәсіпкерлер, мұғалімдер, жұмысшылар, дәрігерлер. «Бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Қазылар алқасының барлығы кәсіби мамандар», – дейді «Қарағанды облысының кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Санаубаев.
Биыл «Әнім саған, Қарағанды!» байқауы 16-мәрте ұйымдастырылып отыр. Уақыт өте келе тақырыптар да жаңарып, формат та қызықты бола түскен. Бұл жолы сахнаға кәсіпкерлер, тіс дәрігері, жиһазшы, мұғалім, аспаз, зейнеткерлер секілді түрлі саланың өкілдері шығып, жалпы 18 жұп өз өнерін көрсетті.
– Бағалау барысында тек вокалдық шеберлік қана емес, қатысушылардың әртістік қабілеті, композиция таңдауы, сахналық костюмдеріне де мән берілді. Қатысушыларды бағалау өте қиын. Бүгін де шешім қабылдау оңай болған жоқ. Бірақ олардың талабын, ынтасын көріп көңіліміз көтерілді. «Әнім саған, Қарағанды» жобасының ұйымдастырушыларына шексіз алғыс айтамыз, – дейді халықаралық конкурстардың лауреаты Меруерт Ибраева.
Финалдың соңында жеңімпаздар ерекше «Қарағанды оскары» сыйлығымен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға арнайы дипломдар табысталды. Кеш соңында кеншілер еңбегіне арналған, кеншілер астанасының гимні орындалып, мерекелік күн шарықтау шегіне жетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»