Өнеркәсіп пен инновацияда серпін: Қарағанды облысы – көшбасшы
Қазақстан өңірлерінің индустриялық-инновациялық даму деңгейін көрсететін алғашқы жиынтық индекс жарық көрді. Зерттеу нәтижесі бойынша, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша теңгерімді әрі орнықты өсім көрсеткен Қарағанды облысы бірінші орынға жайғасты.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жетістікке ең алдымен өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерілеу мен орта технологиялық өнімдер экспортын ұлғайту әсер еткен. Өңір инновациялық инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және еңбек өнімділігін арттыру арқылы өз әлеуетін толық көрсетуде.
Индекс ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми деректері негізінде жасалды. Бұл құрылым 2025 жылдың алғашқы алты айына арналған «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері» жинағын жариялаған болатын.
Рейтингтің үздік бестігіне Қарағанды облысымен қатар Астана қаласы, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстары енді.
– Көш басындағы аймақтар шикізатқа тәуелділікті азайтып, инновациялық өндірістерге бет бұрған өңірлер. Олар инвестиция тарту, технологиялық өнім экспортын ұлғайту, өндіріс тиімділігін арттыру сияқты бағыттарда нақты нәтижеге қол жеткізуде, – дейді зерттеу авторлары. – Бұл индекс индустриялық дамуды тек көлеммен емес, сапамен бағалауға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіштер өңірлік басқару жүйесінің тиімділігін де аңғартады. Қарағанды облысы индустриялық-инновациялық саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып, технология мен ғылымға негізделген экономика құру жолында нақты қадамдар жасап келеді.
Жаңа индекс елдегі индустрияландыру үдерісінің бағыты мен сапасын бағалауға мүмкіндік берумен қатар, инновациялық мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін талдауға арналған маңызды құралға айналып отыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»