«Өнеріміз саған – Қазақстан!»

Қарағандыда Республика күні мерекесіне орай өткен облыстық «Өнеріміз саған – Қазақстан!» фестиваль-байқауы түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, олардың қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық өнеріне деген құрметін паш етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен бұл шарада отыздан астам талантты өнерпаз бас қосты. Олар вокал, би және аспаптық орындаушылық бағыттарында өз өнерлерін паш етіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

– Менің ойымша, мұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені Қазақстан – көпұлтты ел, мұнда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бізді біріктіретін басты құндылық – Отанға деген сүйіспеншілік. Осындай басқосуларда бәріміз бірлігімізді, елге деген патриоттық сезімімізді айқын көрсетеміз. Ал қазақ тілі – барша ұлтты жақындастыратын ортақ тіл, сондықтан оны дамыту мен қолдау – әрбір азаматтың міндеті, – деді байқауға қатысушы Надежда Тункина.

Сахна төрінде қазақтың халық әндері мен күйлері орындалып, ұлттық би ұжымдары көрерменге мәдениетіміздің терең рухы мен бай өрнегін паш етті. Фестиваль шын мәнінде достық пен шығармашылықты, татулық пен бірлікті дәріптеген мерекелік шараға айналды.

– Меніңше, бұл шара қазақ өнері мен шығармашылығына, сондай-ақ қазақ тіліне деген ерекше құрметті айқын көрсетеді. Ең бастысы – бұл біздің отандық мәдениет пен қазақстандық шығармашылыққа деген зор ілтипаттың белгісі деп санаймын, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнара Қасембаева.

Қатысушылардың өнері кәсіби қазылар алқасының әділ бағасынан өтті. Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болып, өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.