Өнегелі өмір: Ғылымның таңдаулы тұлғасы
Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол кісі не бітірді, не тындырды, қандай жетістікке жетті деген сауалды қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанышына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар баршылық. Сондай азаматтың бірі, Аягөз өңірінің тумасы, физика ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының дамуына өзіндік үлесін қосқан Маженов Нұрлан Ахметжанұлы биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осы мерейтойымен құттықтай отырып, Нұрлан ағамызбен кездесіп, өнегелі өмір жолы жайында тілдесіп қайтқан болатынмыз.
Нұрлан Мәженов 1947 жылы қазіргі Абай облысы Аягөз қаласында үлкен әулетте дүниеге келген. Асқар тау әкесі бәрімізге таныс, есімі тарих беттерінде қалған, атақты кәсіби теміржолшы Ахметжан Мәженов. 1926 жылы желтоқсанда СССР Еңбек және Қорғаныс Советі ұзындығы 1500 километр Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы шешім қабылданады. Осы Түрксіб темір жолының салынуы туралы сөз қозғала қалса Ахметжан атамыздың есімі аталмай тұрмайды. Нұрлан аға әкесі туралы біраз қызықты ақпаратпен бөлісті.
Риддер рудниктерінде қатардағы жұмысшы болып жүрген кезінде бүкілодақтық құрылысқа айналған темір жол әкесін қызықтыра беріп, 1927 жылы қасындағы жолдастары мен сол жерге жұмысқа ауысады. Соның бірі “Еңбек өнімділігін барынша арттыру үшін тәулігіне жоспарда көрсетілген үш километрдің орнына үш жарым километр жол төсеп жүрдік деп әкем айтып отырушы еді”- деп әкесін еске алды ағамыз. Сол тынымсыз еңбектің арқасында темір жол салыну мерзімінен 17 ай бұрын ерте аяқталды. 1930 жылы 28 сәуір айында Айнабұлақ станциясында Түрксіб темір жол құрылысының аяқталуының құрметіне өткен салтанатты жиынды аянбай еңбек еткен жұмысшылар орденмен марапатталып, сол жерде үздік теміржолшы ретінде атамыз сөз сөйлеген. Ахметжан Маженовтың омырауына Еңбек Қызыл Ту орденін мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов таққан. Орденді адамдар саусақпен саналатын заманда бұл төс белгінің беділі Еңбек ерімен пара-пар болатын. Сол себептен Ахметжан атамыздың өмірбаяны ұлттық энциклопедияға енгізіліпті. Алматы қаласында 2005 жылы 4 желтоқсанда Түркістан — Сібір темір жолының тұңғыш салушысы А.Маженов тұрған үйде ескерткіш-тақта орнатылды.
Нұрлан ағамыз отбасында бес ағайынды. Олардың бәрі де Аягөздегі темір жолдық орта мектепті бітіреді. Үйдің тұңғышы Мәрзия Мәженова апамыз он жылдық мектепті алтын медальмен бітіріп, кеңестік жүйенің заманы жүріп тұрған уақыттарда қазақ қызы Ленинград асып, араб тілін меңгеруді жөн санайды. Апамыздың қияндағы Ленинградқа барып білім алуына әкесі себепкер болған екен. Оқуын тәмәмдап, қазақ қыздарының арасындағы тұңғыш рет жоғарғы білімді араб тілі мен әдебиетінің маманы деген дипломы мен елге оралады. Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіннен бастап, елу жыл тұрақты ұстаздық қызмет еткен Мәрзия апайдың білім берген түлектерінің арасынан есімдері елімізге кеңінен танымал Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Мұзафар Әлімбаев, Нұрлан Оразалин т.б. көптеген ғалымдар мен ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері шықты. Әпкесінің ізін өзгелері де жалғастырды. Мұрат Мәженов – Москвада оқып, металлург, техника ғылымының кандидаты атанды. Нағима Мәженова мен інісі Нұрбек экономика ғылымның кандидаты.
«Құнарсыз жерге құрт та жаумайды» — дегендей осы әулеттен тәрбиеленіп, өсіп шыққан ұрпақтары бүгінде еліміздің бетке ұстар азаматтары болды. Ахметжан атамыздың немерелері қазір биік белестерден көрініп келеді. Солардың бірі Мәрзия апамыздың қызы аты әлемге әйгілі өнер қайраткері, халық әртісі, қазақ пианисті, професор, Қазақ Ұлттық консерваторияның ректоры — Жания Әубәкірова. Мәрзия апамыз қазақтың халық әндері, орыс романстары мен кейбір операларын тамылжыта орындайтын. Ол өзінің музыкаға деген бейiмiмен ынта ықыласын балаларынын бойына да дарыта білді — дейді Нұрлан аға. Жәнияның әлемге танымал пианист, талантты музыкант болуына Мәрзия апайдын қосқан үлесі мол. Үш баласының үшеуiн де Күләш Байсейітова атындагы республикалық музыка мектебіне берген. Қалған немерелері де белгілі кәсіпкерлер.
Нұрлан Маженовтың отбасына тоқталсақ. Адам өзінің қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі мамандық таңдау. Екіншісі өмір бойы өзіне адал болатын жар таңдау. Ағамыз аяулы жарымен институтта оқып жүрген кезінде танысқан. «Бір көргеннен бастап сұлу жүзіне тамсанып, біраз күн қасына барып таныса алмадым»- деп күлді ағамыз. Жары Орынбасар Маженова — химия ғылымдарының кандидаты. Екеуі бірге қазір көптеген шетелдік кітаптарды қазақ тіліне аударуда. Нұрлан Ахметжановтың екі қызы, бір ұлы бар. Екі қызыда кәсіпкер. Ұлы эконамист. «Болашақта немерелерім біздің өнегелі жолымызды жалғастырса біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Қазірден бастап апасы екеуіміз химия, физика пәнін үйретудеміз», — деді Нұрлан Ахметжанұлы.
Нұрлан аға сегізінші сыныпқа дейін мектепте күндізгі ауысымда оқып, кейін кешкі мектепке ауысқан. Күндіз отжағушы болып жұмыс жасаған. Бос уақытында Москвадағы ағасы жіберген физикаға байланысты кітаптарды оқып ,есеп шығаруға деген қызығушылығының оянғанын айтады. Жалпы Нұрлан ағамыздың физика мен математиканы таңдауына себепкер болған ағасы Мұрат. Мектепті күміс медальмен аяқтап, арман қуып Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-технология факультетіне оқуға түседі. 1970 жылы университетті үздік аяқтап дипломын қолға алады. Қызмет жолын туып өскен жері Аягөз өңірін бастады. Өзі білім алған мектепке мұғалім болып жұысқа тұрады. Алты жылға жуық уақыт ішінде Шымкет қаласында орналасқан униерситеттеде физика пәнінен сабақ берді. 1980 жылы Санкт-петербург университетінің ғылыми кеңесінде диссертациясын қорғап, физика-математика ғылымының кандидаты атағын алады. Елге оралып еңбек жолын әрі-қарай жалғастырды. Қарағанды техникалық университетінде мұғалім болып қызмет жасады. 2004 жылы физика кафедрасының доценті, профессоры атанды.
1970 жылдан бастап Нұрлан Маженовтың ғылым саласындағы басып өткен жолы өрелі де өнегелі. Отандық және шетелдік басылымда шыққан оның зерттеуімен біршама ғылыми еңбегі жарық көрді. 1980 жылы шыққан «Колебания окисных решеток», «Наука» монографияларының авторлары. 2010 жылы Оптика оқулығы шықты. «Өлшеулердің нәтижелерін статистикалық әдіспен өңдеу» — 2012ж және «Жаратылыстану тұжырымдарының негіздері» — 2004 жылы шықты. Төрт электронд оқулықтардың авторы, И.Е. Иродова «Механика» — Алматы, 2012ж., Bird «Electrical and Electronic Principles and Technolology», және K. Krane «Modern Physics» кітаптарын аударып шығарды. Сұхбат барысында алда тағы бір кітаптың жазылып жатқанын айта өтті. Өзінің бір сөзінде «Қазақша ғылыми кітап жоқтың қасы. Барлығы ағылшын, орыс тілінде. Сол себептен әлі біраз кітап қазақ тіліне аударылып, басылып шығарылады», — дейді.
Нұрлан Маженов ғылыми қызметпен өте белсенді айналысады. Бірнеше жоғарғы рейтингтағы жарияланған ғылыми мақалалары бар. Ғылымға деген адалдық пен білімге деген құштарлықты басты мақсат тұтқан профессор шынайы ғалымға тән қажырлылық, тиянақтылық танытып, қай жерде қандай қызмет атқарса да, туған елі мен халқының мүддесі жолында еселей еңбек етіп, әр салада өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырып, басшылық жұмысты да абзал ниетпен атқарып келеді. Осылайша бір бойында сан алуан өнері мен қабілеті бар ғалым жастық жігерімен, шебер ұйымдасырушылық қабілетімен биік белесерді бағындырып 75 жастың жотасына толағай табыспен көтеріліп отыр.
Ғалымның өмірлік өнегесі қомақты ғылыми еңбектері мен ғана шектелмейді. Ол сондайақ тағылымды тәрбиеші, ұлағатты ұстаз. Ұстаздық – ұлы қасиет. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. «Тірлігіңді жылдарға жоспарласаң ағаш ек, ғасырларға жоспарласаң жастарды тәрбиеле» дегенге ұқсас қанатты сөз тілімізде аз емес. Осы аталғанды ескеріп, ұлты мен жастардың болашағы жолында тер төгіп, өз бойындағы асыл қасиеті мен білімін өсер ұрпақтың бойына дарытуға атсалысқан Нұрлан аға – зор құрметке бөленген ұстаздардың бірегейі. Бірнеше оқушыларды ғылыми жобаларға дайындаған. Ғылымды серік еткен парасат-пайымы биік ғалым қандай лауазымды қызметті атқарса да, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, кішілігі мен кісілігінен таймаған нағыз қазақы мінезге тән байсалды қалпымен, тұлғасы таудай болса да, кісіге жоғарыдан қарап, йық теңестіріп текетіреспейтін азаматтылығымен, тектілігімен үлкен-кішіні өзіне баурап алған. Жеткен жетістіктері де жетерлік. 2008 жылы Қарағанды облысының ғылыми жобаларға қатысқаны үшін Департаменттің Құрмет Граммотасымен марапатталды. Мемлекеттік тілге оқулықтарды аудару бойынша жоғарғы оқу орнынан 2013 жылы Құрмет Грамотасын алды. 2014 жылы Баянауылда физикадан білім беретін мұғалімдерге біліктіліктерін жоғарлатуға арналған қызметі үшін алғыс хат алды. Шетел авторларының оқулықтарын мемлекеттік тілге аударғыны үшін де алғыс хатпен марапатталған.
Нұрлан Мәженов отанға риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, өнегелі өмірдің үздік үлгісін көрсетіп отыр. Жасынан зерек, көкірегі ояу, санасы сергек, қилы қыран ғалым өмірде де, еңбекте де бақытын тапқан адам. Оның қызу еңбек, жалынды күреске толы ғұмырының мәнді де сәнді өтіп жатқаны анық. Абзал жан, дарынды ғалым Нұрлан аға мерейлі 75 жасқа күш қайратының мол шағында келді. Әлі де тың, ойы сергек, белсенді, ұдайы ізденіс үстінде. Қаламы қарымды, ойы шолымды, пікірі алымды ғалымның шабытты шағы қашан да серік болып жазары көбейсін. Елім деп есейген, ұлтым деп ұлысына қызмет етіп қайраткерлік көрсетіп жүрген ер азаматқа егеменді елі үшін атқарар ерен еңбегі ел алдында еленіп, әрдайым халықтың ілтипатына бөленіп, зиялылық пен парасаттылықтың биігінен көрініп, қайда болса да еңсесі биік, мәртебесі жоғары бола бергей деген тілек білдіреміз.
ҚарУ- Филология факультеті журналистика кафедрасы “Қоғаммен байланыс” 2 курс студенті Бағдат Балауса Русланқызы
Ә.Сағынов атындағы физика кафедрасының аға оқытушысы Копбалина Қымбат Бағдатқызы