NEET-жастарды жұмыспен қамту

Қарағанды облысында NEET-жастармен тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде. NEET санатына еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар кіреді.

Биыл мансап орталықтары арқылы 13 мың жас жұмысқа орналастырылған.

Неліктен жастар өмірде өз орнын тапқысы, жұмыс істегісі, оқығысы келмейді? –деген сұраққа, Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жасұлан Хамитов жауап берді.

– Көбіне жастар мектептен кейін бірден жақсы лауазым мен жоғары жалақы алғысы келеді. Бірақ ол үшін жұмыс істеу керек. NEET санатындағы жастардың барынша көп санын қамту үшін Ұлттық жұмыспен қамту бағдарламалары мен өңірлік сипаттағы жобалар пайдаланылады. Біз осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 23 мыңға жуық жас мансап орталықтарына жүгінді. Оның ішінде 13 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, – дейді ол.

Мансап орталықтарының қызметкерлері аулаларды аралайды, мектептер мен колледждерге барады, әңгімелер өткізеді, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес береді. Өңірде жастар көп жиналатын орындарға баратын және мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімелейтін мобильді топтар бар. Тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкелері өтеді. «Жасыл ел», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және басқа да бағдарламалар жұмыс істейді, қысқа мерзімді кәсіптік курстар да ашылды.

Сонымен қатар түрлі деңгейдегі гранттық қолдау да бар. Атап айтқанда, Jas Project бойынша биыл Қарағанды облысынан NEET санатындағы 14 адам грант алған.

Осы жылдың ақпан айында өңірде NEET-жастарды әлеуметтендіруге және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мүмкіндіктер марафоны» жобасы бастау алды. Жұмыс нақты түрде жүргізіледі және бұл жобамен 6 мың адам қамтылған. Алғашқы нәтижелер келесі жылдың наурыз айында шығарылатын болады.

Қорыта айтар болсақ, бүгінде облыста NEET-жастардың саны шамамен 8,1 % құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендеген.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»