ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ


Қарағандыда облыстық «Құндылыққа негізделген тәрбие мен білім» форумы өтіп жатыр. Желтоқсанның 3-7 аралығында өтіп жатқан дәстүрлі шараға түрлі мектеп атсалысып үлес қосуда. Солардың бірі – Ж.Ақбаев атындағы білім ордасы. Шара аясында онда «Ар-ұят құндылығы бағытына» негізделген Ашық есік күні өткізілді.
Алдымен қатысушылар осы мектепке есімі берілген ғалым, тарихшы, қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының белді өкілі Жақып Ақбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін Jakyp Zaly-на экскурсия жасады. Оқу ордасында «Мейірім» аналар мектебі жұмыс жасайды. Ондағы нәзік жандар жастарға аналық кеңесін айтумен ұрпақтар сабақтастығын сақтап тұруға үлес қосады. Ашық есік күні олар «Шашбаулым» шеберлік сағатын өткізді. Онда ұлттық нақышта киінген аналар бойжеткендерге сәндік түрлі әшекей жасау әдістерін үйретті. Мұнда сонымен қатар әкелер мектебі де жұмыс жасайды. Ұйым мүшелері отбасындағы татулық пен ынтымақты әкелердің тікелей жауапкершілігі деп біледі. Осы шараға орай олар «Тату отбасы» отбасылық спорт сайысын ұйымдастырған. Онда мектеп оқушылары ата-аналарымен бірге арқан тарту, жүгіріп өту сынды түрлі кедергіден бірге өтіп отбасындағы татулық пен ауызбіршілік жағынан сынға түсті.
Мектеп оқушылары арасында спорт түрлерінен жарыстарға қатысып жүрген белсенді спортшылар да жетерлік. Кёкушинкай каратэшілері келушілерге өз жаттығуларынан арнайы қойылым қойған. Арнайы іріктеліп алынған балалар спорттық техникаларды көз ілеспес жылдамдықпен орындап қатысушыларды сүйсіндірді. Бұл күні ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады. Тоғызқұмалақ, бесасық, ханталапай секілді танымал ойындар көпшілікке ұсынылып, білмейтіндерге оқушылар ережесін түсіндірді. Білім ордасы болғандықтан, әрине, білім жарыстары да болды. Қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен майталман пікірсайысшылар дебат ойынын ұйымдастырды. Онда қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы шешім таппаған мәселелер қозғалды. Абайдың «толық адам» идеясы мен «Алаш» тақырыбы да қалыс қалмады. Соңында ойыншылар «ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деген ортақ шешімге келіп тарасты. «Бейбіт күннің батыры» аталған полиция сыныбы да бұл шараға мол үлес қосты. Арнайы сынып биылғы оқу жылында алғаш ашылған. Оқушылар онда АК-74 Калашников автоматын таныстырып, жылдам арада бөлшектеп-жинап өнер көрсетті.
– Бұл сыныптағы форма киген оқушылар полициялардың қандай жауапкершілік сезінетінін сезіне алады деп ойлаймын. Қоғамдағы құқықбұзушылықтың адам болашағына әсері жайлы толығырақ түсіндіруге тырысамыз. Мұндағы бір оқушының өзінде түрлі қасиет бар. Олар өте белсенді. Тіпті ата-аналардың өзі осы сынып арқылы балалары жақсы жаққа өзгергенін айтып кетті, – дейді Ж.Ақбаев атындағы ЖББМ директоры Ерқанат Ермек.
– Бұл форумның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында ұрпақ тәрбиесі үшін атқарылып жүрген және тәжірибеден өткен игі істерді көрсету, өзге мектептермен тәжірибе алмасу, – дейді ұйымдастырушылар.
Осыған орай шара соңында «Q Talks» («Qundylyq Talks») жобасы арқылы оқу ордасында болып жатқан жұмыстар жалпылама таныстырылып өтті.
– Қазіргі мына өзгермелі заманда биыл Оқу-ағарту министрлігі шығарған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беретін өзекті бағдарлама екенін көрсетіп жатыр. Мұнысы өте орынды шешім болды деп ойлаймын, – дейді Ж.Ақбаев атындағы ЖББМ директоры Ерқанат Ермек.
Форум Қарағанды облысы Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.