Құнды артефактілер мұражай қорына тапсырылды
2020-2024 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған құнды артефактілер Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына ресми түрде тапсырылды. Бұл оқиға – еліміздің археологиялық тарихы үшін маңызды бетбұрыс, себебі ол Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихының нақты куәсі ретінде мәңгіге сақталады.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған жәдігерлер арасында қыш бұйымдар, металл және тас құралдар, тұрмыстық заттар мен ғұрыптық нысандар бар. Бұл олжалар еліміздің тарихи-мәдени мұрасының маңыздылығын арттырып, археология саласындағы тың жаңалықтарды паш етті. Археолог Әділ Мәкен бұл жәдігерлердің аймақ тарихын тереңірек танытуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Артефактілерді музей қорына тапсыру арқылы біз тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау ісін жалғастырсақ, музейдің реэкспозиция жасау жұмысына нақты үлес қосып отырмыз. Қазба жұмыстары облыстың әр өңірінде жүргізілді, әсіресе Шет ауданы мен Талды аумағында, сондай-ақ Қарқаралы мен Осакаров аудандарында, – дейді археолог.
Бұл археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған олжалар халықаралық конференциялар мен жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарияланған зерттеулердің негізін құрады. Олар енді музей экспозициясының бір бөлігіне айналып, келушілерге еліміздің терең тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ерекше артефактілердің ішінде қола дәуіріне дейінгі кезеңге жататын қазан мен темір балта ерекше назар аударарлық. Бұған дейін мұндай үлгілер тек Жетісу өңірінде кездескен болатын.
– Шын мәнінде, археолог үшін тапқан 10 пайыз дүниенің өзі – үлкен олжа, үлкен бақыт. Соңғы бес жылда ерекше олжалар қатарында қазан табылды. Бұл да – Қазақстанда алғаш рет кездесіп отырған бірегей олжа, – атап өтті Әділ Мәкен.
Артефактілер қатарында сан түрлі керамикалық ыдыстар, жануарлар мен адам сүйектері де бар. Бұл олжалар пәнаралық зерттеулер жасауға, атап айтқанда радиокөміртекті талдау, палеоантропологиялық сараптама жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты археолог Арман Бейсенов өз зерттеулерінде адамның бет-әлпетін реконструкциялау арқылы оның нәсілін, антропологиялық ерекшеліктерін анықтауды мақсат еткен.
– Бұл жәдігерлер тек ғылыми қауымдастық үшін ғана емес, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен тарихқа деген қызығушылықты оятуға үлкен серпін береді. Жыл соңында, 25 қазанда Республика күніне орай, арнайы көрме ұйымдастырып, музей қорындағы барлық жәдігерлерді кеңінен таныстырамыз, – деді мұражай басшысы Ержан Нұрмағамбетов.
Бұл көрме халыққа археологиялық зерттеулердің нәтижесін көріп, еліміздің терең тарихымен танысуға мүмкіндік береді.
Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған бұл құнды артефактілер Қарағанды облысының тарихына қосылған елеулі үлес. Олар Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихының, сондай-ақ біздің мәдени мұрамыздың тереңдігі мен байлығын көрсетеді. Осы арқылы тек ғылыми қауымдастыққа ғана емес, сонымен қатар жалпы халыққа да тарихқа деген құрмет пен қызығушылықты арттыруға жол ашылады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»