ӨНДІРУШІ ҮШ ЖЫЛҒА КЕПІЛДІК БЕРЕДІ
Қарағанды облысы бойынша лифт шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы қолға алынған. Дегенмен, жеделсатының қойылуын жылдап күтіп отырған жұрт жетерлік. Сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде тоналып, істен шыққан қаншама лифт бүгінде қаңтарылып тұр. 2020 жылы Қарағанды – 64, Теміртау – 32, Балқаш – 3, Сәтбаев – 2 және Шахтинск қалаларында 102 лифт ауыстырылды. Биыл да 100 жеделсаты жұмысын жандандыру жоспарда.
— Жыл басында айтылған жүз лифтіні іске қосу уәдесі қайда? Біз жеделсатыны тегін жүргіз, ақысыз жөнде деп буынсыз жерге пышақ ұрмаймыз. Несиелік талапқа бағынамыз. Тек аяғымыздан талып, баспалдақты бағындырудан қажыдық,- деген қарағандылықтардың шағымы жетерлік. Бірақ бір ескерерлігі жеделсаты жұмысын жандандыруға жалғыздың жанайқайы жеткіліксіз. Лифт тұрғын үйдегі ортақ мүлік болғандықтан, оған жұрттың ортақ мүддесі болғаны қажет.
Жалпы баспалдақпен көтеріліп, табанынан тозған тұрғындар шағымы 2019 жылдан бері көтеріліп келеді. Сол жылдың желтоқсан айында облыстық әкімдік деңгейінде лифт шаруашылығында жағдайды жақсарту мәселесі айтылды. Жылдар бойы қордаланған бұл проблеманы кезеңдеп шешу көзделген. Осы бағыта «Облыстың тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС мен «Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ арасында қарыз шарты жасалған болатын. Осылайша 8 жыл мерзімге жылдық 6 пайызбен несие қаражатын бөлу арқылы жұмысты нәтижелі ету міндеттелді. Екі жақты келісімде көрсетілгендей бағдарлама облыс орталығынан бөлек, өңірдегі моно және шағын қалаларды да қамтиды. Бір айта кетерлігі, тұтынушылар жабдықтың техникалық параметрлері мен маркасын өздері таңдайды. Қарағанды облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің айтуынша қарағандылықтар үшін белоруссиялық өндірістің лифтілері бағасы мен сапасы жағынан жағымды. Сондай-ақ нақ осы елдің өнімін алуға шахталық сәйкестік себепкер. Біздегі жұмысы тоқырап тұрған лифтілердің шахталық жабдығы осы белоруссиялық өнім баламасымен орнатылған екен.
Осыған дейін бір пәтерден ай сайынғы төлем көлемі баспанасының ауданына байланысты 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін болған. Алайда валюта бағамының құбылуына байланысты бұл баға өзгеруі де мүмкін. Өйткені лифт құрылысына қажетті қосалқы бөлшектер шығарушы зауыттар өнім құнын 10-15 пайызға арттырған. Қызмет құны өзгерсе де жеделсатыға деген сұраныс білдірушілер азаймаған. Қазірдің өзінде тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына Қарағанды облысынан елуден артық өтініш түскен. Қаржылық құжат даярлау процедурасының барлығы бүгінде аяқталған. Енді жобалық сметалық құжаттың мақұлдануы күтілуде. «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС басшысының айтуынша, қаржыландыру мәселесі қиындықсыз шешімін тапса, тамызда жұмыс қайта жанданатын болады.
Айта кету керек жеделсаты қайта жүру үшін ең алдымен тұтынушы ниетті болуы тиіс. Қажетті құжаттар жиып, тұрғындар өзара келісімге келуі маңызды. Өйткені көп жағдайда несиелік қаржыны әр көршіге бөлгенде төменгі қабат тұрғындары көрсетілер қызметтен бас тартып жатады. Сол себепті қызметті ұсынушы тарап арнайы барып, үй тұрғындарымен жиын өткізіп, жұмыс барысын, қызмет ақысын түсіндіреді. Мысалға, Қарағанды қаласы бойынша жалпы саны 850 лифт бар. Соның 80 пайызы жұмыс жағдайында болса да тозығы жеткендер жетерлік. Ал Октябрь ауданы бойынша барығы 226 лифт болса, бүгінде соның 88-і тоқтап тұр. Дәл қазіргі таңда Майқұдық бойынша Карл Маркс, Восток-3 мөлтек аудандарынан өтініштер қабылданған.
Жеделсатылар жұмысын жаңғырту барысында алдымен толық істен шыққан лифтілер жөнделеді. Одан кейін жарамдылық мерзімі аяқталып, тозығы жеткен жеделсатылар жайы қарастырылады. Бір лифтіні орнату үшін бір айдан астам уақыт қажет. Ескі жабдықты бөлшектеу, шахтаны тазалау және дайындауға осынша уақыт кетеді. Лифтіні нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл, ал өндіруші үш жылға кепілдік береді. 2011 жылдан бері атқарылып келе жатқан лифт алмастыру жұмыстары көрсеткендей кепілдік мерзімін өтеу барысында ешқандай ақау тіркелмеген.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH».