Өндірісті өңірдің әлеуеті қандай?
Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіге қатысып, өндірісті өңірдің әлеуеті туралы айтып берді. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, биыл облысымызда бірқатар ауқымды жоба қолға алынбақ. Яғни жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары пайда болады. Тозығы жеткен коммуналдық желілер қайта жаңартылып, автокөлік жолдары жөнделеді. Толығырақ тарқатсақ.
Өндіріс көлемі қарқынды
Қарағанды – еліміздің ең ірі индустриалдық аймағы. Ірі кәсіпорындар да осында шоғырланған. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, өндіріс орындарының өнім шығару қарқыны бәсеңдемеген. Сондай-ақ кәсіпкерлердің де өңір экономикасына қосып отырған үлесі сүбелі екен.
Облыс әкімінің айтуынша, бір тәулік ішінде «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында 17 мың тонна көмір өндіріліп, металлургиялық комбинатта 8,5 мың тоннадан астам болат балқытылып, 7 мың тонна жалпақ прокат шығарылған. Ал аймақтағы ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары 9 млрд теңгенің өнімін шығарыпты.
– Қарағандының көтерме және логистикалық орталықтарынан түрлі бағытқа сексеннен астам теміржол құрамы мен автомашиналар жөнелтілді. Бұл нәтижелер біздің облыстың еліміздегі маңызды индустриялық, кәсіпкерлік және логистикалық орталық екенін көрсетеді, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.
Жалпы алғанда, биыл жыл басынан бері облысымызда 1,1 трлн теңгенің өнімі шығарылған екен. Әсіресе фармацевтика, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі сынды салаларда ілгерілеу бар.
Коммуналдық инфрақұрылым жөнделеді
Өткен қыс ел көлемінде аса ауқымды мәселе барын аңғартты. Қақаған қыста көмір үстінде отырған Екібастұз қаласы қатып қалды. Қара көмірдің отаны саналатын Қарағандыда мұндай келеңсіздіктер болмаса да, металлургиялық алып комбинат іргесінде отырған теміртаулықтардың «қатып қаламыз ба?» деген үреймен қалтырап шыққаны шын. Сондықтан биыл жаз маусымында облыс аумағындағы коммуналдық инфрақұрылымға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, биыл облысымызда 7 жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни 45 қазандық пен 29 турбина қайта қалпына келтіріледі. Сонымен қатар 88 шақырым жылу желісі мен 1 937 шақырым электр желісі ауыстырылмақ.
– Өткен жыл Теміртау тұрғындары үшін өте қиын болды. Қала бойынша 29 км жылу желісін жөндеу жоспарлануда. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі ЖЭО-2 жұмысы жөнінде шағым түсіп жатыр. Қазіргі уақытта станцияда қазандықтарды жөндеу науқаны және жетінші жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ретте біз өз тарапымыздан жұмыстардың тиісті мерзімде аяқталуы үшін қажетті барлық шараны қабылдаймыз, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.
Қарағандыда тұрғын үй құрылысының белсенді болуына байланысты жылу тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін облыс орталығында үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл – жаңа шағынаудандарды сапалы жылуға қосуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. 2025 жылға қарай билік облыс тұрғындарын орталықтандырылған сумен 100% қамтуды жоспарлап отыр.
Жергілікті өнімге басымдық берілмек
Сарыарқаның сайын даласында орналасқан Қарағанды облысы тек алып кәсіпорындарымен ғана танымал емес. Арқаның кең даласы мал шаруашылығына да, дәнді дақылдар егуге де әбден жарамды. Яғни облыс тұрғындарын толықтай жергілікті өнімдермен қамту мүмкіндігі бар.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, 2027 жылға қарай Қарағанды облысы қажет өнімдердің 80 пайызын жергілікті өнім өндірушілерден ала бастайды. Қазір аймақта 24 мың адам ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүр екен. Бұл салаға көрсетілген қолдау нәтижесінде жаңа жұмыс орындары да ашылған.
– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 3,4 млрд теңге сомасына 653 шағын несие береміз. Көпбалалы отбасыларға, АӘК алушыларға және NEET жастарына ерекше назар аударатын боламыз. Қазірдің өзінде 353 өтінім қабылданды, – деді облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
Алдағы уақытта ауылдарда қосымша 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аймақтағы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 65 млрд теңгеге жеткен екен. Қазір шаруалардың қолында 390 мың жылқы, 620 мың сиыр және 1 млн қой-ешкі бар. Құс фермаларында 3,7 млн бас құс өсірілуде.
Кәсіпкерге қолдау бар
Бүгінде Қарағанды облысының әрбір екінші экономикалық белсенді тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды, билік жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,5 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
– Біз өндірістік жаңа тауашалар ашу үшін «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы есебінен жағдай жасаймыз. Ірі компаниялардың қолдауымен 38 кәсіпорын шоғырланған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында төрт жоба іске асырылды. Олар өз өнімдерімен облыстың медициналық, білім беру және басқа да ұйымдарын қамтамасыз етеді, – деді өңір басшысы.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін ашуға 200-ге жуық грант бөлінді. Жас кәсіпкерлер 2,5%-бен 600 грант және 324 жеңілдікті шағын несие алады.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмысқа орналастыру жобаларының тізбесі кеңейтілуде. Осының арқасында 700 адам жұмыспен қамтылады.
Жаңа автобустар алынады
Жыл соңына дейін Қарағанды облысында 165 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Олар қалалық және қалааралық маршруттарға қызмет көрсетеді. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, автобустардың барлығы Саран қаласындағы «QazTehna» зауытынан сатылып алынады. Жаңа көліктің отыз үші облыс орталығынан серіктес қалаларға жолаушы тасымалдау бағытында жұмыс істемек.
Облыс әкімі 2021 жылдың соңында енгізілген ONAY! электронды билет жүйесі қоғамдық көлік жолаушыларының өмірін айтарлықтай жеңілдеткенін де атап өтті. Қазір ONAY! Қарағанды автобустарында да, облыс орталығын серіктес қалалармен байланыстыратын маршруттарда да жұмыс істейді. Жүйе билеттеу процесін ашық және жариялы етуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге қалааралық маршруттарда жол жүру құны екі есе арзандады.
– Қарағанды агломерациясының 30 мыңнан астам тұрғыны үшін, атап айтқанда, күн сайын облыс орталығына келетіндер үшін бұл жақсы қолдау әрі үнем болды. Билеттеу жүйесімен Қарағандыдан Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларына, сондай-ақ Шахан және Топар кенттеріне маршруттар қамтылды. 1 мамырдан бастап Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктерде тегін жүретін еттік. Жақын арада электронды билеттендіру мәселесі Балқаш пен Теміртауда пысықталатын болады, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.
Жаңа кәсіпорындар ашылады
Қарағанды облысында 52 жобаның инвестициялық пулы құрылды. Жаңа кәсіпорындар ашу 12 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл тағы 11 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлануда.
– Биыл он бір жоба іске қосылады, оның үшеуіне шетелдік әріптестердің қатысы бар. 2 179 жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда бір жоба іске қосылды, – деді аймақ басшысы.
Биылғы жобалардың бірі – Саран қаласында тұрмыстық техника шығаратын зауыт салу. Мұнда мыңнан астам адам жұмысқа орналасады.
Қарағанды облысында моноқалаларды дамытуға баса назар аударылуда. Осылайша «Saran» индустриялық аймағы кеңеюде. Осының арқасында алты мың жұмыс орны ашылады.
Өңірдегі моноқалалар тізіміне Балқаш енді. Қаланы дамыту жөнінде 66 шарадан тұратын бес жылдық кешенді жоспар әзірленді. Негізгі міндет – Балқаштың әлеуетін арттыру және оны жергілікті және шетелдік туристер үшін тартымды ету.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»