Нашақорлық — тұрақтылыққа төнген қатер

Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бастамасымен «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» атты республикалық семинар ұйымдастырылды. Бұл маңызды шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның XXXIII сессиясында берген тапсырмалары аясында өткізіліп, Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына арналды.

Семинарға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Білім министрліктерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, өңірлік аналар кеңестері мен сарапшылар қатысты. Жиынның басты мақсаты – жастарды зиянды әдеттерден сақтап, олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру болды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде жастарды дұрыс бағытқа жетелеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, нашақорлықпен күресте ең басты құрал – қатаң жаза емес, жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететін тәрбиелік бастамалар.

– Жастарды қоғам өміріне белсенді араластыратын іс-шаралар олардың өз әлеуетін ашуына, елге қажет екенін сезінуіне жол ашады. Бұл – ең сенімді профилактика. Бүгінгі кездесу балаларымыздың болашағын қорғауда қоғам мен билік тек бірге әрекет еткенде ғана нақты нәтиже беретінінің дәлелі. Сіздердің белсенділіктеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл семинар жаңа жобаларға, нақты қадамдарға және адамдардың өмірінде оң өзгерістерге бастау болсын, – деді аймақ басшысы.

Спикерлер де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуі керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен ерте профилактика жүргізу, психоактивті заттардың айналымын бақылауды күшейту, оңалту жүйесін жетілдіру және ата-аналар мен жастарды белсенді қатыстыру маңызды екені айтылды.

ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова Аналар кеңесінің ерекше рөліне тоқталды.

– Бұл індетпен күресу барлығымызға жүктелген үлкен жауапкершілік. Аналар – отбасының тірегі, ал отбасы – ұлттың негізі. Ұрпаққа өмір сыйлаған аналар тәрбие де береді. Сондықтан нашақорлыққа қарсы күресте аналардың белсенділігі – болашақты сақтайтын шынайы қалқан, – деді ол.

ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы да өз сөзінде нашақорлықтың тек медицина мен білім саласына ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығына қатер төндіретінін айтты. Оның айтуынша, мемлекет пен азаматтық қоғам күш біріктіре отырып қана бұл қауіпке қарсы тұра алады.

– Президенттің өзі бұл мәселені өзекті деп санайды. Себебі бұл – қоғамды іштен жегідей жейтін әлеуметтік ауру. Егер оған тосқауыл қойылмаса, ұлттың болашағына балта шабуы мүмкін. Сондықтан біз жастарды қорғауға бағытталған ғылыми-зертханалар мен медициналық мекемелерді дамытуға, білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударуымыз қажет, – деді ол.

Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова ең өткір мәселелердің бірі  дәріханалық нашақорлық пен оны жоюға бағытталған мемлекеттік бақылау шараларын көтерді.

— Денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше сын-тегеурін рецепт арқылы берілетін дәрілердің дәріхана желісі арқылы қолжетімділігі. Оларды медициналық мақсатсыз пайдалану халықты жасырын түрде есірткіге тәуелді ету нысандарына айналды. Ең осал топ — жасөспірімдер мен жастар. Аналар кеңесінің бастамасымен 2023 жылғы сәуірден бастап «Трамадол» есірткі құралдары тізіміне енгізілді. Келер жылы шамадан тыс қолданған кезде қатты тәуелділік тудыратын басқа да дәрілерді сол тізімге енгізу жоспарланып отыр, — деді Ольга Смирнова.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысында «Жасыл сертификат» жобасы іске қосылды. Ол тәуелділік тудыратын рецепт арқылы берілетін дәрілердің дәрігердің нұсқауынсыз сатылуына қоғамдық бақылауды қарастырады.

Жиын соңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекеттік органдарға бір ай мерзім ішінде бірлесіп, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»