«Ұнайды маған» жобасының іріктеу кезеңі: таланттар бақ сынады
Қарағандыда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының кең аудиторияға танымал «Ұнайды маған» музыкалық жобасына іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Кастингке 36 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жобаның мақсаты – жас таланттарды танытып, сахнаға жол ашу. Қатысушылар вокалдық шеберлігімен көзге түсіп, қазылар алқасының оң бағасына ие болуға тырысты.
«Ұнайды маған» – жас өнерпаздарға арналған жаңа телевизиялық жоба. Музыкалық кастингке 18 жастан асқан қатысушылар тіркеліп, арнайы сауалнама толтырды. Байқау талаптарына сай әр үміткер екі ән орындады: бірі – міндетті түрде қазақ тілінде, екіншісі – еркін таңдаудағы тілде. Ең бастысы – әндер жанды дауыста, акапелла форматында шырқалды. Бұл жоба – жас таланттардың дарынын ашуға бағытталған маңызды алаң.
– Соңғы үш жыл ішінде караоке, мейрамхана мен дәмханаларды аралап, ән айтып жүрмін. Әрине, кәсіби әнші емеспін, бәрін өзім үшін, көңіл үшін жасаймын – ән айтуға деген сүйіспеншілігім ерекше. Бұл – менің алғашқы үлкен тәжірибем. Достарым даусымды Эрос Рамазоттиге ұқсатады. Енді соны сахнада байқап көрмекпін. Байқауға Батырхан Шүкеновтің бір әнін және Эрос Рамазоттидің туындысын орындап қатысуды жөн көрдім, –дейді шараға қатысушы Ерлан Рахимов.
Бес тілді еркін меңгерген Ерлан Рахимов – музыка саласында кәсіби білімі болмаса да, сахнада өзін сенімді көрсеткен өнерпаз. Ол үшін ән айту – жай хобби ғана емес, ішкі жан дүниесін жеткізудің ерекше тәсілі. Сахна арқылы сезім мен шабытты бөлісу – Ерланның басты мақсаты.
– Мен бес тілді еркін меңгергенмін: түрік, орыс, қазақ, испан және ағылшын тілдерін. Өткен жылға дейін қазақ тілін мүлде білмейтінмін, ал бүгінде бір жыл ішінде үйреніп, өзімше жақсы нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді Ерлан Рахимов.
«Ұнайды маған» жобасының кастингінен сәтті өткен үміткерлер келесі кезеңге жолдама алады. Бұл жоба жас таланттарды танытып, тың өнер иелеріне жол ашуды көздейді. Жоба – жаңа есімдер мен шынайы өнерді елге таныстыруға бағытталған жарқын алаң.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»