Нәзікжандылар да Отанды қорғай алады
Халықаралық әйелдер күні – нәзікжандылардың мерекесі ғана емес, батылдық пен жауапкершіліктің символына айналған күн. Бұл күні тек гүл мен құттықтау жеткіліксіз – еліміздің әр саласында еңбек етіп, отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген әйелдерді де ерекше атап өту қажет.
Медицина қызметінің майоры Койкенова Гүлжахан Бірліққызы – дәл осындай үлгі. 1981 жылы 29 тамызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген Гүлжахан ерлік пен білімнің үлгісін жасынан бастап көрсетті. 1998 жылы Жайлаукөл орта мектебін тәмамдап, Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2001 жылы «акушерка» мамандығы бойынша диплом алды. Кейін 2001 жылы Ақмола мемлекеттік медициналық академиясының «емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы дәрігер акушер-гинеколог мамандығын меңгерді. Оның мамандық таңдауы тек медициналық қызметке ғана емес, халыққа қамқорлық жасауға бағытталғанын көрсетеді.
2009 жылдың қаңтар айында Гүлжахан Қарағанды қаласы Әскери лазаретінің хирургия бөлімшесінде ординатор дәрігер гинеколог лауазымына тағайындалады. 2014 жылы желтоқсан айында осы мекеменің қабылдау бөлімшесінің бастығы лауазымына көтерілді. Ал 2021 жылы мамыр айында ҚР ҚК Бас әскери-медицина басқармасы бастығының бұйрығымен Қарағанды қаласы Әскери лазареті бастығының медициналық бөлім бойынша орынбасары қызметіне тағайындалды. Әскери қызмет жолында ол әртүрлі оқу-жаттығуларға белсенді қатысып, кәсіби шеберлігін шыңдаған.
Бұл тәжірибе тек мамандық дағдысын емес, сонымен қатар батылдық пен табандылық қасиеттерін дамытқанын айқын көрсетеді. Гүлжахан Бірліққызының қызметінің тағы бір дәлелі, қазіргі әйелдер тек үйде отбасын бағып қана қоймай, ерлермен қатар отанды қорғауға, әскери және қоғамдық борышын орындауға да қабілетті. Оның кәсібилігі, төзімділігі және адамгершілігі – нәзікжандылардың қаншалықты күшті әрі батыл болатынын көрсететін нағыз үлгі. Көктемнің алғашқы аяулы мерекесінде, біз Гүлжахан сияқты барша нәзікжандыларға алғысымызды білдіреміз.
Сіздер – еліміздің жүрегі, отбасының тірегі және қоғамның сенімді қорғаушыларысыздар. Сіздердің ерлігіңіз бен мейірімдеріңіз үйлескенде ғана мемлекетіміздің болашағы жарқын болады. Құрметті арулар! Мерекелеріңізбен! Жүректеріңіз әрдайым жылы, армандарыңыз биік, кәсібилігіңіз – үлгі, ал ерліктеріңіз – шабыт болсын!


