Нұркенге арналған турнир басталды

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, 10 желтоқсан күні, «Жастар» спорт кешенінде ұшқыш батыр Нұркен Әбдіровті еске алу турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Спортшылар грекрим, еркін және әйелдер күресінен бәсекеге түсті.

Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық спортшы қатысуда. Турнирдің құрметті қонағы ретінде Нұркен Әбдіровтің бауыры Данияр Әбдіров келді.

– Турнир Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізіледі. Спорт саңлақтары еліміздің халықаралық беделінің қалыптасуына өздерінің өнер көрсетулері мен түрлі халықаралық турнирлердегі жеңістері арқылы үлкен үлес қосты. Нүркен Әбдіровті еске алуға арналған турнир 1968 жылдан бері өткізіліп келеді және қаламыздың жыл сайынғы дәстүріне айналған. Турнир ұйымдастырушылары мен Қарағанды облысы әкімдігіне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мен үшін осындай турнирде отбасымның атынан шығу – үлкен жауапкершілік және құрмет, – деді Данияр Әбдіров.

Жарыстың бас төрешісі, еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі экстра-класс төреші, интернационалистжауынгер Александр Мыцык көп жылдар бойы осы турнирдің қатысушысы болғанын, ал кейінгі жылдары жаттықтырушы қызметін атқарғанын айтты.

Турнир тарихында ол тек 1986 жылдан 1988 жылға дейін қатыса алмаған. Себебі бұл кезде Александр Алексеевич Ауғанстандағы соғыста болған екен. Төреші жылдар бойы жүздеген спортшыларды тәрбиелеп шықты. Оның пікірінше, басынан бастап бүгінгі күнге дейін турнир өте жоғары деңгейде өткізілуде.

– Бұл жарысқа қатысушылардың арасында юниорлармен қатар спорт шеберлері мен Қазақстанның қазіргі чемпиондары өте көп. Мысалы, 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері қарағандылық Серік Бақытханов. Спортшылардың деңгейі өте жоғары.

Биыл басқа елдердің көптеген спортшылары коронавирусқа байланысты келе алмады, бірақ шетелден келген қатысушылар бар. Олардың бірі – Эквадордан келген Алехандро Виллагомез, ол 86 келі салмақта күреседі, – деді Александр Мыцык.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»