Ән қазынасын толтырған Шәмші аға!

         Биыл есімі ел есінде жатталып қалған қайталанбас композитор, тума талант иесі, есімі көзі тірі кезінің өзінде-ақ аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі алатын орны орасан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер «Қазақ вальсінің королі» ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші әндерінің басты тақырыбы.       Шәмші Қалдаяқов қазақ музыка өнерінің қазынасына үш жүзге жуық ән қосқан екен.  Оның азаматтық лирикаға тұнған «Арыс жағасында», «Теріскей», «Ана туралы жыр», «Мойынқұмда ауылым», «Сағынышым менің», «Тамды аруы», «Қайықта», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Дүнген қызы», «Жақсыгүл», «Әнім сен едің» және тағы басқа әндері жұртшылықтың ерекше ықыласына ие болды. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.

1991 жылы Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді, 2006 жылы композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға айналды, ал 2010 жылы Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

2006 жылы «Шәмші қоры» құрылып, көрнекі композиторға көше, ауыл атауларын беру жөніндегі мәселелер көтерілді.  Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған. Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі Ш.Қалдаяқов есімімен аталады. 1991 жылы Ш.Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деректі фильмі түсіріліп, «Шәмші-ғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

Осы жазда қаламыздың орталық бағында Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналып өткізілген концертке келген қалың көрермен, оның ішінде көбі жастар болып сазгердің жақұт әндерін әншілерге қосылып шырқағанда, бүкіл қала әнге бөленгендей болды.

Шәмші Қалдаяқовтың ешбір дәуірдің идеологиясы да, науқаншылдығы да әсер етпейтін, туған халқымен, барша адамзатпен бірге жасай беретін әндері мәңгі шырқала берсін!

Ж.А. ӘЗІМБАЕВА,

С.М. ТӘЖІБАЕВА,

А.Н. КАБАНОВА,

А.Ю. КИШЕНОВА