Ұмытылған дәстүр

Үкі – негізінен орманды мекендеп, жемін көбіне түнде аулайтын жыртқыш құс. Басы үлкен, көздері бақырайған, қауырсындары жұмсақ. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Ұясын жасыруға болатын жерге салады. Жұптарын өмір бойы сақтайды.

Қоян, тышқан секілді кемірушілерді аулап пайда келтіреді. Үкіні қазақ халқы қасиетті құс санайды. Оның қауырсынындағы бедер, құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп баланың бесігіне, бас киіміне таққан. Сонымен қатар бақыт, табыс әкеледі деген сеніммен ақын, әншілер бас киімдерін, домбыраларын үкілеген. Кішкентай балаларға, жүйрік атқа үкі тағып қоюдың себебі – көз тимесін деген ырым. Үкі әдемі болып көрінгендіктен, көздің сұғы адамға не малға емес, сол үкіге түседі деп нанған. Бұрында үкі жын-перілерден қорғайды деген наным болған. Өйткені, ол түнде ұшады. Қараңғыдағы нәрселерді көре алатындықтан, жын-перілер одан қорқады деп сенген. Батыр шайқасқа аттанғанда оның найзасына, қамшысына үкі тағып қоятын, – дейді этнограф Болат Бопайұлы. Бүгінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері жаңғырып, қайтадан қолданысқа енуде. Соның бірі – болашақ қалыңдыққа сырға салумен қатар «үкі тағу» рәсімі. Қазақтар қызын ұнатқан шаңыраққа сый-құрметімен барып, болашақ келіндеріне үкі таққан. Үкі тағылған қыздың төңірегінде бұдан кейін ешқандай артық әрекет болмаған, өзгелер оған қиянат жасаудан сақтанып, ауылдың жігіт-желеңдері оның абырой-атағын өз қарындасындай қорғап жүрген. Сырға тағу дәстүріне өте ұқсас болғанымен, «үкі тағу» бесік құда болу кезінде де ерекше байқалады. Қыз баланың бесігінде үкі тұрса, оны екі мағынада қабылдаған. Тіл-көзден сақтау үшін ілген немесе «бесік құдалықтың» белгісі деп ұғынған.

– Әрине, бүгінгі жаһандану кезеңінде үкінің жасанды қауырсынын сатып немесе тапсырыспен алдыратыны белгілі. Ал көне заманда үкіні амалын тауып аулап, бауыр тұсынан мамық ұлпасын құсқа зиянын тигізбей жұлып, өзін тамақтандырып, содан кейін ризашылықпен ұшырып жіберетін болған. Киелі құсты ешқашан өлтірмеген. Қазақ тойларында қолданысқа енгізілген осы салт-дәстүр еуропалықтарға еліктеп гүл лақтыру рәсіміне нүкте қойған секілді, – дейді қала тұрғыны Әсия Қанайбекова.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»