МЫҢ БАЛА ТЕКСЕРІЛЕДІ

Қазақстанның төрт қаласында пилоттық жоба негізінде балалар ағзасында қорғасынның бар-жоғы тексерілмек. Осындай зерттеу елде соңғы рет 30 жыл бұрын жүргізілген. Жалпы, қауіпті металлдың адам ағзасына тигізер зияны қандай, және күнделікті өмірде одан қалай сақтанған жөн?

Әлемдегі әр үшінші баланың ағзасында қорғасын кездеседі екен. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының мамандары дабыл қағып, сан жылдан бері айтып келеді. Алайда, бұл мәселенің шешімін толыққанды табу мүмкін болмай отыр. Әсіресе Қазақстан сынды дамушы елдерде аталған өзекті проблема көлеңкеде қалып қоятын көрінеді. Қор мамандары жүргізген зерттеуге сүйенсек, бала ағзасындағы қанның бір децилитрінде 5 микрограмм қорғасын кездеседі.

Баланың денсаулығына алаңдаған әр ата-ана қауіпті қорғасынның адам ағзасына қайдан тап болуы мүмкін деген сауалға үңілері хақ. Қорғасын нағыз экотоксинді зат болып есептеледі. Күнделікті тұрмыста, зауыттардың, көліктің ауаға шығаратын зи- янды қалдықтарында көптеп кезедеседі. Тіпті, түрлі-түсті заттар мен косметикада да белгілі бір мөлшері бар. Қазіргі ойыншықтар, бояулар да зиянды заттың қайнар көзі болып отыр.

Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлнұр Сыздықова өзінің баласының ағзасында қорғасын көлемінің бар-жоғын тексерту үшін арнайы келген екен.
— Қорғасын деген баланың дамуына теріс әсер ететінін жақсы білемін. Әсіресе психологиялық жағдайына кері әсері бар. Соның салдарынан бала ашуланшақ болуы мүмкін, — дейді ол.

Ал, қарағандылық белгілі экоқорғаушы Дмитрий Калмыков болса әлемдік зерттеулердің нәтижесін сараптай келе, қорғасынның тиісті мөлшері дамушы елдерде әлдеқайда көп болғанын айтады.
— Қорғасында бірқатар бояудың оксидтері бар. Әсіресе, жарқын ашық суреттерде оның мөлшері көптеп кездеседі. Алайда, концентрация көлемін анықтайтын норма жоқ. Салдарынан құрамында қорғасын бар заттар балабақша мен мектептерде де көптеп қолданылады. Біз бірде тәжірибе жүргіздік. Яғни, дүкеннен барып бояу сатып алғанбыз. Кейін жүргізген зерттеу оның құрамында қорғасын көлемі Еуропа мен АҚШ, Жапониядағы шекті нормадан 1000 есе көп болып шыққанын көрсетті, — дейді эко белсенді.
Бір қызығы, Қазақстанда регламент бойынша құрамында қорғасыны бар бояуларды пайдалануға тыйым салынған. Алайда, іс жүзінде ол өз нәтижесін бермей отыр. Негізінде, адам ағзасында қорғасын мүлде болмауы тиіс. Себебі, қауіпті металл ішке енсе ол сүйекті әлсіретіп, қан айналымды нашарлатады. Ағзадан шығару үшін ондаған жылдар бойы емдеу курстарынан өту керек дейді токсиколог мамандар. Қорғасынның кері әсерін зерттеп жүрген токсиколог Сәуле Смағұлова улы металлдың ағзаға кері әсері туралы жантүршігерлік ақпараттарымен бөлісті. Оның айтуынша, ағзаға түскен кезде қорғасын алдымен ми, тыныс алу жүйесі, жүрек-тамыр жүйесін зақымдайды.
— Кейін жүйке жасушаларына әсер етеді. Әсіресе бір жастан бес жасқа дейінгі балалар ағзасы тез улануға бейім келеді екен. Қорғасын ағзаға түскен соң тез бейімделіп, кері әсерлері уақыт өте ұлғая береді, — дейді маман.
Атап өткен жөн, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы қорғасынды адам денсаулығына кері әсер ететін ең қауіпті 10 металлдың қатарына енгізген. Себебі, қоғамдық денсаулық сақтау саласында қорғасынның қаупі әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бізге белгілісі – қорғасын салдарынан әлемде жыл сайын кемі 143 мың адам көз жұмады. Олардың басым көбі дамушы елдерде тұратындар. Оның сыртында жыл сайын кемі 600 мың бала дамуы кешеуілдеп қалу дертіне шалдығады. Олардың да 90 пайызы дамушы елдердің тұрғындары. Себебі, экономикасы мүлде дамымаған елдерде ірі кәсіпорындар жоқтың қасы, ал, дамыған елдер көбінесе сақтық шараларын мықтап ұстайды.
Қазір пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды мен Шымкент қалаларында тегін сынама тапсыру басталған, ұйымдастырушылар болса 4 жас пен 11 жас аралығындағы 1 мың баланың ағзасын тексереді. Кейін бұл жоба ұлттық сипат алып, Батыс Қазақстан мен Өскеменде де жүргізу жоспары бар.
Зерттеу нәтижесі бойынша мамандар бірқатар ұсыныстар әзірлемек. Кейін қорғасынды қолдану бойынша арнайы норма жасақталады. Ал, балалар алаңдарын қазірдің өзінде өндіріс ошақтары мен жол жиегінен алыс орнатқан жөн дейді мамандар. Сондай-ақ, қолданатын заттар мен ойыншықтардың құрамын мұқият қараған жөн.
Қорыта келгенде, тарихшылар арасындағы мына бір аңызды еске алуға болады: Кезінде төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Рим империясының тас-талқан болып күйреуіне қорғасын да өзінің кері әсерін тигізген деседі. Атап айтқанда, Ұлы империяның ыдыс-аяғы, сауыт-сайманы, тіпті суағарлары да дәл осы қорғасыннан жасалған көрінеді. Сондай-ақ, улы металлдың зиянын білмеген халық оны шараптары мен сусындарына да қосады екен. Ағзада ұзақ уақыт бейімделіп, ақырындап кері әсерін көрсете бастаған металл империяның жаңа толқынының IQ көрсеткіші күрт төмендеуіне әсер еткен. Жастардың ақыл-есі мен ойлау қабілеті нашарлаған. Ақыры шешуші шайқастарда Римнің мыңдаған адамдары құлға айналды. Ал, заманында «мәңгі қала» атанған Рим қираған үйіндіге айналған болатын.

Расул МҰХАММЕД,
«QH»