Музей тарихы

Қарағанды облысы полиция департаментінің жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы өзінің 43 жылдық мерейлі датасын атап өтті. Мұражай 1981 жылы 3 шілдеде қызметін бастаған. Содан бергі тарихи деректерді құндақтаған мұражай өмірі таныстырылды. Мұражайда облыстық ПД басшылығы, ІІО ардагерлер кеңесі және жас қызметкерлер қатысқан салтанатты шара өтті.

– Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Білесіздер ғой, біздің ең бірінші музейді ашуға ұсыныс берілгені 1976 жылы болды. 1981 жылы 3 шілде күні бұл музей ашылды. 600-ден астам экспонат бізге тапсырылды. Нысандық киім, медальдарымыз бар, алған марапаттарымызды да осы жерге қойдық. Музейіміз осылай ашылған еді, – деп атап өтті Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.

Шарада еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, өмірде көріп, білгені мен жұмыс жолы туралы жастарға айтып берді. Солардың бірі – отставкадағы полиция старшинасы Николай Редченко. Ол өз уақытында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. 1998 жылдың қарашасында кіші сержант Николай Редченко өзінің серіктесі Нұрлан Байғаскинмен бірге атыс кезінде 2 қылмыскерге төтеп берді. Алайда, серігі жол ортада қаза тапты.

– Бізді осында құрметтеп, сыйлап шақырып жатқан барша азаматтарға рақмет. Бүгін бір керемет эмоцияларға толы шара өтті. Біраз естеліктер еске түсті. Мұражайдың 43 жылдығы құтты болсын. Барлықтарыңызға зор денсаулық пен ашық аспан тілеймін, – деді отставкадағы полиция старшинасы Николай Редченко.

Шара соңында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева жауынгерлік даңқ мұражайына «Жеңіс жүздері» коллекциясынан алтын медальдармен марапатталған 44 қарағандылық бейнеленген картинаны сыйға тартты.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»