Мобильді төлемдер тексерілетін болады
Қазақстандық банктерде заманның ағымынан қалып қалмауы үшін қазіргі жүйелерін жан-жақты дамытып, сандық тұрғыда жүргізілетін жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар нашар емес. Мысалы, оған кейбір қосымшалардың мемлекеттік жүйемен интеграциялануы, ақшаны банк жүйелері арқылы төлем жүргізудің артуын әр азамат айқын байқады.
Бірақ алдағы уақытта елімізде мобильдік аударымдарды реттеу заңмен бекітіледі. Мәжіліс депутаттары салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа нормалар кәсіпкерлерге салық жүктемесін арттырмайды. «Заң жобасына сай жаңа салық түрі енгізілмейді, тек көлеңкелі экономикаға жол бермеу үшін жасалып отыр», – дейді құжатты әзірлеуге бастамашы болған депутаттар.
Қазір дүкен, не базар, болмаса сауда үйіне кірсеңіз, мобильдік қосымшадан ақша аударып-ақ, қажетіңізді алып жүре бересіз. Мәжілісмендер мақұлдаған құжатта осы жеке кәсіпкерлердің электрондық есеп айырысу арқылы тапқан табысын реттеу тетігі қарастырылған. Заң жобасына арнайы норма енгізілді. Депутаттар жаңашылдықтың тұтынушы мен кәсіпкер үшін маңыздылығын нақтылады. – «Кейбір кәсіпкерлер мобильдік аударымдарды белсенді пайдаланғанымен, салық төлемін әділетті төлемейді, яғни біраз табысын жасырады. Себебі фискалдық түбіртек берілмейді. Бұл мәселе бұрыннан талқыланып келеді», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.
Осы норма енгізілсе, кәсіпкерлерге жүктеме көбейіп кетпейді ме деген заңды сауал туындайды. -Расында кей кәсіпкерлер ақша айналымын толықтай жария етпейді де, салықтан жалтарып жатады. Сол себепті ашықтық болуы үшін құжатқа сай Салық кодексіне мобильдік төлем түрі енгізілмек. Мобильдік қосымшада аударымнан бөлек, төлем бөлімін ашқызуды ұсынамыз. Бұған қоса, түбіртекті шығару жеңілдетілмек, бұл кәсіпкерлер үшін есеп беру процесін оңайлатады,- дейді депутат Сергей Симонов.
Салық органдарының мәліметінше, елімізде биыл жыл басынан бергі 8 ай ішінде мобильдік аударым арқылы 43,2 трлн теңге көлемінде есеп айырысу жасалған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа норма негізінде салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін және кәсіпкерлерге салық жүктемесі ұлғаймайтынын қадап айтты. Екінші деңгейлі банктің құқы шектелмейтіні де айтылды. Тек мобильдік аударым арнайы төлем түрі ретінде заңмен бекітілмек. Жеке және бизнес төлемдерінің де аражігі ажыратылады.
Неліктен аударымдар салықтық бақылауда болды?
Мобильді аударымдар жеке тұлғалар арасында пайдалану үшін жасалды, бірақ бұл сервис кәсіпкерлік мақсаттарда да қолданыла бастады. «Жеңілдету» бойынша жұмыс істейтіндердің үлкен пайызы шығындар есебін жүргізбейді, бірақ жалпы айналымнан тек 3% төлейді. Кейбір кәсіпкерлер, әсіресе пандемия кезінде, мобильді нөмірге тікелей ақша аудару арқылы төлемді қабылдай бастады. Аударымдар тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатудан түскен түсімдердің нақты сомасын жасырады.
Мұны жасайтындарды қалай анықтауға болады?
Бірыңғай алгоритм әлі әзірленбеген және оны жасауға көп уақыт кетуі мүмкін. Мүмкін алты ай, мүмкін бір жыл. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлем белгілерін анықтау жөніндегі жұмыс басталып кетті және екінші деңгейдегі банктермен, «Атамекен» ҰКПмен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп талқыланатын болады. Алгоритм принципі нөмірлері мен карталарына аударымдар жиі түсетін тұлғаларды анықтауға мүмкіндік беруі керек. Бұл тұлғалардың деректері олардың атына тіркелген ЖК, ЖШС және өзге фирмалардың бар-жоғына тексеріледі, кез келген жағдайда шартты түрде, күн сайын аударманы алатын жеке тұлғалар бұл іске қатысы жоқ.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.