Үміткер қадамы – серпіліс бастауы
Елімізде аса маңызды саяси науқан басталды. Өзіміз сайлауға түспесек те, күнделікті күйбеңге, арқаны кеңге салып босаңсуға еш мүмкіндік жоқ. Биылғы сайлаудың өтетіні туралы Президент алты ай бұрын мәлімдеді. Сайлау құқығы белсенді және енжар деп екіге бөлінеді. Белсенді құқық сайлаушыларға, ал енжар құқық үміткерлерге тиесілі. Сайлаушы ретінде мен өзімнің белсенді құқығымды дұрыс пайдаланып, даусымды ең лайықты деген үміткерге берсем деймін. Осыны іске асыру үшін ақпарат айдынын жіті сүзіп, шамам келгенше өз ойларыммен бөлісе отырмақпын.
Сайлау науқаны қызу болатын түрі бар. Сайлау шеруіне жаңадан партиялар қосылды, бірмандатты округтерден үміткерлердің жаңа толқыны көрінуде. Аумалы-төкпелі заманның, жаңа белестер мен тың таңдаулардың алдында тұрмыз. «Әй, қап!» дейтін заман өткен. Замана сергектер мен ширақтардың тізгініне бой ұсынбақ. Сол сергектік пен ширақтық жеке имиджі мен қарақан басын ойлағандарға емес, елім дейтін ерлерге тән болса дейміз.
Сайлауға сай болып келдік пе? Партиялық тізім бойынша және бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсынған үміткерлерді тіркеу кезеңіне аяқ бастық. Сайлауға 7 саяси партия және көптеген тәуелсіз үміткер қатыспақ. Сәтін салса, қазақша Жаңа жылда еліміздің заң шығарушы және өкілетті органдары жаңа құрамда іске кіріспек. Олар қаншалықты жаңарады? Көш-керуенімізді жаңаша бастайтын көсемдерді көре аламыз ба? Әлде «жаңғырық шығарар жартастарға» риза боламыз ба? Партиялық тізімдерді түзейтін, сайлаушылардың даусына сай үміткерлерді депутат қылуға құзыреті бар саяси алқалар адал да әділ бола ма, әлде тойымсыз құлқынның жетегінде кетіп, қалтасы қалыңдарға мандат сыйлай ма? Жеке шапқан үміткерлердің үні құмығып қалмай ма?
Бізге «не болады?», «кім өтеді?» деген уайымшыл сұрақтар керек емес. «Не істеймін?», «кімді сайлаймын?» деген қарекетті сауалдар маңызды. Сырттай қарағанда, сайлаушы партиялық тізімге әсер ете алмайтындай. Жоқ, халық ішіндегі көзі ашықтары жеке үміткерлерді ғана емес, партиялық тізімге енгендерді де сүзгіден өткізе алады. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кез келген партияның алдына мәселе қоя алады. Ол үшін сайлауалды науқанды қалт жібермей, үміткерлердің іс-қимылы, кездесулері, бағдарламалары, өткені мен бүгіні – бәрі назарға алынуы тиіс.
Бізге замана тынысын түйсігімен сезе алатын, уақыт мұхитының цунамиларынан ел керуенін аман-есен алып өтуге жан-тәнімен берілген азаматтар керек. Мәжіліс пен мәслихаттарға адамгершілік ұстанымдары мығым, жүрегі адал, қолы таза, кәсіби біліктілігі жоғары жандар сайлануы тиіс.
Дәл осыдан 300 жыл бұрынғы аласапыран шақта Алтай мен Еділ арасындағы барша қазақ ішкі араздықтардан арылып, сыртқы жаудың бетін қайтарды, шекара асыра қуды. Сол кезде Қазақ елі бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Сол бірліктің берекелі жемісінің дәмін, міне, біз татып отырмыз. Бүгінгіміз сонау алыстағы кешегімізбен тікелей байланысты. Енді үш жүз жылдан кейін ұрпағымыз біздің дұрыс таңдағанымызға риза болатындай қарекет жасауымыз керек. Өйткені жан-жағымыз небір қауіп-қатерге толы.
Жалпы, кез келген таңдау маңызды. Дұрыс таңдау жасау үшін үш жүз жыл күтіп керек емес. Дегенмен бүгін де өзара араздық, туыстық, жершілдік, рулық, тайпалық тар ұстанымдардың кері әсері сақталуда. Туыстық, рулық байланыстар тұрмыста, күнделікті өмірде маңызды болғанымен, саясатта кері салдарларға әкелетін кедергі екені құпия емес. Тек қана бұл емес, бізді қинайтын басқа да кедергілер жетерлік. Оларды әзірге қозғамай-ақ қояйық. Айналамыздағы әралуандықты бізді өзара алшақтатын фактор ретінде емес, керісінше, мың бояулы дүние тұтастығының бір көрінісі ретінде қабылдаған жөн.
Сайлау науқаны жұрт жиналған жерде әңгіме көрігін қыздырады. Сол әңгімелер зиялы деңгейде жүргені абзал. Сайлаудан кейін де өмір бар. Сайлауалды үгіт-насихат науқаны жақсыларды жақындастыратын, білікті бастарды біріктіретін, жасампаз бағдарламалар жасақтататын науқан болса деген тілектеміз. Қандай қаһарман сайланса да, қаншама уақыттан (бәлкім, мың жылдан) бері қордаланып қалған небір өзекті проблемаларды бір күнде шешіп тастай алмайды. Оларды шешуге зор шыдам, тиімді тактика қажет. Ұйымы мығым қол керек. Алайда бұл саяси науқан ұлы Абай айтқан кетікті дүниенің бір кемін толтырар деген үміт бар, сенім бар.
Алуан-алуан жүйрік бар, бірінен соң бірі келеді десек те, бұл – «ауылдастың аты озсын» дейтін бәйге емес. Елдің ұлы мұраттары, түрлі мүдделері ту болып көтерілген, ішкі бірлікті, мығым сенімді, қуатты жасампаздықты паш ететін стратегиялық шара. Халық дана. Ол әр уақытта өз еркін білдіруге мүдделі. Соған тиісті жағдай жасалса, нәтижесі берекелі болады.
Кезінде Айға аяқ басып тұрып Нил Армстронг айтқандай, мұны үміткер үшін кішкентай қадам, ал барша қазақ қоғамы үшін ғаламат секіріс болса дейміз. Біз мүмкіндіктер айдынының алдында тұрмыз. Мақсатымыз айқын болса, кез келген жел біздің желкенге оң болмақ.
Болат СЫЗДЫҚ,
заң ғылымдарының кандидаты,
Е.Бөкетов атындағы ҚарУ қауымдастырылған профессоры