«Үміт Самғау» ұйымының ісі: 800 пайыз уәде еткен қаржы пирамидасы әшкереленді

Қарағанды облысында көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды алдаған тағы бір қаржы пирамидасы анықталды. Тергеу мәліметінше, «Үміт Самғау» атты ұйым өзін қайырымдылық жоба ретінде көрсетіп, әлеуметтік осал топтарға көмек береміз деген желеумен қаржылық алаяқтық жасаған.

Алаяқтар түрлі салым түрлерін ұсынып, салған қаражат көлеміне қарай 300 пайыздан 800 пайызға дейін пайда табуға уәде еткен. Алайда төлемдердің барлығы нақты бизнестен түскен табыстан емес, жаңа қатысушылардың ақшасынан төленіп отырған.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, ұйымның әрекетінде классикалық қаржы пирамидасының барлық белгілері бар.

«Қылмыстық схемаға қатысы бар адамдардың әрекеттері тексерілуде. Тергеу жалғасып жатыр», – деді ол.

Қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қаржы мониторинг агенттігі азаматтарға жоғары табыс уәде ететін күмәнді ұйымдарға сенбеуге және ақшалай салым жасамас бұрын қаржылық жобаның заңдылығын тексеруге шақырады.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»